KZ
Өскемен
-12°
небольшая облачность жел 1 м/с, С
524.02 545.19 5.09

ШҚО-да спорт ұйымдарындағы буллингтің алдын алу мәселесі талқыланды

25.11.2023, 09:30 171 Айна Ескенқызы

Буллинг - бүгінгі таңда жасөспірімдер арасында кең тараған өзекті мәселелердің бірі. Бұл жағымсыз көрініс спорт саласында да кездеседі. Спорт ұйымдарында балалар мен әйелдер арасындағы буллингке қалай тосқауыл қоюға болады, осы келеңсіздіктің алдын алу үшін не істеу керек?

 

Өскеменде ШҚО спорт басқармасы мен Полиция департаменті бірлесіп ұйымдастырған жиында осы мәселе көтерілді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.

 

Облыс бойынша бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аксана Қаленова спорт мектептерінде жаттықтырушының талаптары мен буллингтің аражігін ажырата білу керек деген пікірімен бөлісті.

 

- Жаттықтырушылар құрамы негізінен ер адамдар болғандықтан, оларда жас спортшыларға деген талап күшті болады. Балалар қатал іріктеуден өтеді. Бұл да оларға өте ауыр тиюі мүмкін. Сол себепті спорт ұйымдарында іріктеулерді баланың жанын жараламайтындай ұйымдастыруға мән берілуі керек. Әрине, спорт үйірмелерінде буллинг те болуы мүмкін, тек бапкерлер оны дер кезінде анықтайтындай білікті әрі онымен күресуге дайын болулары керек, - деді Аксана Александровна.

 

Буллингпен күресу үшін ата-аналармен, бапкерлермен жұмыс істеу және жаттықтырушы-педагогикалық құрамның біліктілігін арттыру қажет.

 

- Бұрын жаттықтырушы шәкіртіне ұрысса не қатты талап қойса, ол мотивация деп жылы қабылданатын. Ал қазір жаңа толқын жасөспірімдер өсіп шықты, ескі әдістер адамның құқығын бұзу деп қабылданады. Сол себепті, ең бірінші заман талабына сай жаңа методикаларды қолдануымыз керек, - деген пікір білдірді облыстық спорт басқармасының басшысы Асқар Можанов.

 

Жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция тобының инспекторы, полиция подполковнигі Қарлығаш Кудекенова «101» колл-орталығы бар екенін, жәбір көрген жасөспірімдер осы телефонмен хабарласып, шағымдана алатындарын ескертті. Әңгіме құпия түрде сақталады, ал жәбірленушімен арнайы мамандар сөйлеседі, қылмыстық құрамы бар іс-әрекеттер болса, онда полиция қызметкерлеріне хабарлайды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу