ШҚО әкімі: Өскеменде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу зауыты салынатын жер қысқа мерзімде бекітілуі тиіс
Өскеменде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу мәселесі бүгінде облыс орталығының күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі болып отыр. Қаланы қамтитын толыққанды өңдеу жүйесін қалыптастыру үшін жаңа зауыт салу қажеттігі Үкімет деңгейінде көтеріліп, жергілікті атқарушы органдар алдына қысқа мерзімде орындауды талап ететін нақты міндет ретінде қойылған. Осыған байланысты облыс әкімі Өскеменде тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдейтін зауыт салуға арналған жер телімі 3 ақпанға дейін анықталатынын, сондай-ақ жобаны инвестициялық жобалар тізіміне енгізу мақсатында тиісті жұмыстар атқарылатынын жеткізді, деп хабарлайды Altainews.kz.
Жоба үшін шамамен 6 гектар жер қажет. Қоқысты сұрыптау және өңдеу үдерістерін бір жерде шоғырландыру мақсатында қолданыстағы қоқыс сұрыптау кешенінің аумағын пайдалану ұсынылды. Жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне 3 ақпанға дейін нақты ұсыныстар енгізу міндеттелді.
Қазіргі уақытта Өскеменде 2022 жылы іске қосылған қоқыс сұрыптайтын зауыт жұмыс істеп тұр. Кәсіпорын сағатына 25 тоннаға дейін қалдықты сұрыптайды, ал әлеуетті қуаты жылына 100 мың тоннаға дейін жетеді. Мұнда 40-тан астам адам екі ауысымда еңбек етеді. Дегенмен, қолданыстағы кешен тек сұрыптаумен шектеліп отыр, ал қалдықтарды терең өңдеу мүмкіндігінің болмауы жаңа зауыт салу қажеттігін көрсетіп отыр.
Фото: ШҚО әкімдігі










