Алтайда алғаш рет лапароскопиялық аппендэктомия жасалды
Алтай қаласында алғаш рет лапароскопиялық аппендэктомия және холецистэктомия оталары жасалды.
Еске салайық, 2023 жылы жергілікті ауданаралық аурухана 1 миллиард 270 миллион теңгенің жаңа медициналық жабдықтарын алған болатын, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Осы ретте, лапароскопиялық аппендэктомия науқас үшін ең қауіпсіз әрі жеңіл операциялардың бірінен саналатынын айту керек.
Мамандардың айтуынша, мұндай ота барысында іш қабырғасы үш жерден тесіледі. Және бұл ойықтардың аумағы барынша шағын болады. Операция кезінде троакар деп аталатын арнайы құралдар қолданылады. Бұл әдістің артықшылығы, денеге келтірілген жарақат мөлшерін барынша азайтады, оның үстіне, косметикалық тұрғыдан да оңтайлы.
Ақхалаттылардың сөзінше, лапароскопиялық әдіс үлкен кесулер жасау қажеттілігін жояды. Оның орнына хирург ағза мүшелерін телескопқа ұқсайтын шағын құрал – лапароскоппен көре алады. Эндоскопиялық хирургиялық араласу кезінде пайда болатын кішкентай ойықтар бұлшықет тінін зақымдамайды. Оған қоса, мұндай операциядан кейін қалпына келу кезеңі де әлдеқайда жылдам өтеді екен.