Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін - Гүлмира Байыркенова
Фото: facebook
Гүлмира Байыркенова, С. Аманжолов атындағы ШҚУ заңтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры:
- «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін». Менің ойымша, Мемлекет басшысының Egemen Qazaqstan газетіне берген сұхбатының негізгі мәні – осы.
«Адам» мен «мемлекет» арақатынасы туралы бұл қанатты сөз барлық уақытта билік басындағылар үшін ғана емес, қарапайым азаматтар үшін де өзекті болмақ. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев газетке берген сұхбатында өзінің бұған дейінгі бағдарламалық баяндамаларында да айтқандай адам мүдделерінің мемлекет мүдделерінен басым екенін баса атап өтті.
Алайда, біз бұл басқару принципін дұрыс түсінуіміз керек. Ең алдымен, бұл – заңның үстемдігі. «Заң алдында бәрі тең» қағидаты нақты қамтамасыз етілуі қажет.
Сонымен қатар адамның басымдығы оның белсенділігін, хабардарлығын білдіреді. Өз сұхбатында Президент былай дейді:
«Біз озық ойлы ұлт ретінде халқымызды ыдырататын емес, біріктіретін жолды таңдап, тек қана алға қарауымыз керек. Жалпыұлттық құндылықтар бәрінен жоғары тұруға тиіс. Бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Тағы да қайталаймын, еңбекқорлық, білімпаздық, кәсібилік, бірлік, ынтымақ, жанашырлық, іскерлік, бастамашылдық, адалдық, қарапайымдылық және үнемшілдік – нағыз отаншыл, адал азаматқа тән қасиеттер мен құндылықтар. Халқымыздың қуатын арттырып, табысқа жетелейтін осындай қасиеттер мен құндылықтарды жан-жақты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру арқылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз».
Маған Президенттің мемлекеттік қызметші, яғни «халықтың қызметшісі» қандай болуы керектігі туралы айтқаны ұнады. «Мемлекеттік қызметшілер өзіне жүктелген міндетті мінсіз атқаратын кәсіби маман ғана болмауы керек. Олар әрдайым бастамашыл, нақты ісімен елге пайда әкелетін және өзгерістердің өміршеңдігін халыққа көрсете алатын азамат болуы қажет» деді Мемлекет басшысы.
Барлық деңгейдегі шенеуніктер мен басшыларға қойылатын басты талап – адамдардың талап-тілектеріне құлақ түру, оларға уақтылы әрі тиімді жауап қату, дұрыс әрі әділ шешім қабылдау. Олар «адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидатын ұстануы керек.
Жалпы, бұл сұхбатпен әрбір азамат танысып шығуы керек, өздері үшін көп пайдалы мәлімет ала алады деп ойлаймын.