KZ
Өскемен
-14°
небольшой снег жел 1 м/с, З
503.35 590.63 6.62

Ерлік әуенімен үндескен қала: Өскеменде Бауыржан Момышұлына тағзым жасалды

30.12.2025, 18:00 146 Базарова Айгүл

Бүгін Өскемен ерекше рухани кеңістікке айналды. Қаладағы ірі сауда орталықтарында шырқалған әскери әуендер тұрғындар мен қонақтардың елдік рухын асқақтатты. Бұл мазмұнды шара қазақ халқының қаһарман ұлы, аты аңызға айналған қолбасшы Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altainews.kz.

Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері департаментінің бастамасымен өткен іс-шараның басты мақсаты – батырдың ерлік жолын кеңінен насихаттап, жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік пен патриоттық сезімді сіңіру. Күнделікті қарбалас тіршілік ортасында күтпеген жерден естілген әскери марштар мен патриоттық композициялар көпшілікті бейжай қалдырмады.

Іс-шара барысында Ұлттық ұланның “Шығыс” өңірлік қолбасшылығына қарасты 5518 әскери бөлімінің оркестрі салтанатты әуендер орындаса, Қорғаныс істері департаментінің өнерпаздары мен Өскемен қаласындағы №24 орта мектептің “Жас сарбаз” қозғалысына қатысушы оқушылары патриоттық рухтағы өнерлерін ортаға салды. Әскери музыка мен жас буынның жігерлі қадамдары көрермендерге ел қорғау идеясының мән-маңызын терең сезіндірді.

Әскери әуендер сауда орталығына жиналған жұрттың назарын бірден аударып, көпшілік орындаушыларға ықыласпен қол соқты. Кейбір тұрғындар әуенге елітіп, батырдың ерлігі туралы ойға шомса, жастар үшін бұл шара рухани тәрбиенің жарқын үлгісіне айналды.

– Бауыржан Момышұлы – ерлік пен отансүйгіштіктің символы. Осындай тағылымды іс-шаралар арқылы біз жас ұрпаққа елге қызмет етудің маңызын түсіндіріп, патриоттық рухты күшейтуді көздейміз. Әскери әуендер халықты біріктіріп, ұлттық сананы серпілтеді, – деді Шығыс Қазақстан облысы Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің өкілі Әсет Адамбаев.

Шараға куә болған тұрғындар батыр бабаның рухына тағзым жасап, әуен арқылы тарихпен тілдесті. Бұл бастама жастарға тағылымды тәрбие беріп қана қоймай, бейбіт өмірдің қадірін ұғындырған рухани сәт ретінде есте қалды.

Осылайша, Өскеменде өткен патриоттық акция Бауыржан Момышұлының өшпес ерлігін ұлықтаумен қатар, қала тұрғындарының жүрегінде елге деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін жаңғырта түсті.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу