Дрон операторы, киберқауіпсіздік инспекторы: еңбек нарығына жаңа кәсіптер енді
2025 жылы мүдделі мемлекеттік органдар 132 кәсіптік стандартты әзірлеп, өзектендірді. Аталған стандарттар 1,1 мыңнан астам кәсіпті қамтыды, оның ішінде 600-і жұмысшы мамандықтарға тиесілі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Қазіргі таңда кәсіптік стандарттар тізілімінде 4,5 мыңнан астам кәсіпті қамтитын 864 кәсіптік стандарт бар.
Кәсіптік стандарттарды әзірлеу және қайта қарау жұмыстары жұмысшы кәсіптеріне басымдық беру арқылы, сондай-ақ генеративті жасанды интеллект пен заманауи технологиялардың дамуы еңбек мазмұны мен мамандарға қойылатын талаптарға әсерін ескере отырып жүргізілді.
Жаңа кәсіптік стандарттар қатарында виртуалды дизайнер, цифрлық дизайнер (BIM маманы), ұшқышсыз авиациялық жүйелер операторы, виртуалды және кеңейтілген шындық маманы (VR/AR), киберқауіпсіздік инспекторы сияқты еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа мамандықтар бар.
Жаңа кәсіптік стандарттарды әзірлеу немесе қолданыстағыларын қайта қарау қажеттілігін айқындау бойынша жұмыстар мүдделі мемлекеттік органдар жанындағы 50-ден астам салалық кеңес арқылы жүзеге асырылады. Кеңестер құрамына мемлекеттік органдардың, жұмыс берушілердің, салалық бірлестіктердің, оқу-әдістемелік ұйымдардың өкілдері кіретін 900-ден астам сарапшы тартылған.
Алдағы уақытта сұранысқа ие кәсіптерді кәсіптік стандарттармен 100 пайыз қамту жоспарланып отыр. Ең жоғары қажеттілік өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында қалыптасады деп күтілуде.
2030 жылдан бастап еңбек қатынастары жүйесінде кәсіптік стандарттарды қолдану міндетті болатынын ескере отырып, біліктілік анықтамалықтарынан кәсіптік стандарттарға кезең-кезеңімен көшу және жұмыс берушілер мен жұмыскерлер үшін біліктілік талаптарының өзгеруіне байланысты тәуекелдерді алдын ала төмендету негізгі басымдықтардың бірі болып отыр.