Шығыс Қазақстан – түркі руханиятының жаңа мәдени орталығына айналды
Алтай төрінде 2025 жыл мәдени серпіліс пен рухани жаңғыру жылы ретінде есте қалды. Шығыс Қазақстан өңірі биыл ұлттық дәстүр мен заманауи өнерді тоғыстырған халықаралық фестивальдер мен бірегей мәдени жобалар арқылы түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналды. Табиғат пен тарихқа үйлескен шығармашылық алаңдарда халық өнері мен әдебиет, ұлттық ойындар мен дәстүрлер жанданып, облыс мәдени өмірінің жаңа тынысын ашты, деп хабарлайды Altainews.kz өңірдің мәдениет басқармасы басшысының сұхбатына сілтеме жасай отырып.
Биыл облыста өткізілген мәдени іс-шаралардың мазмұны мен ауқымы елдік идеологиямен, тарихи сабақтастықпен және заманауи форматтармен ұштасып отыр. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығы, ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы, Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығы, Нұрғиса Тілендиевтің 100 жылдығы сынды айтулы даталар өңірдегі мәдени бастамалардың негізгі өзегіне айналды.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында мәдени саясатты жүзеге асырып отырған 360 мәдени ұйым жұмыс істейді. Олардың қатарында 170 клубтық мекеме, 170 кітапхана, 6 музей, театрлар мен концерттік ұйымдар, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны қорғау және рухани-ағартушылық қызмет атқаратын мекемелер бар.
Шығыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасының басшысы Самат Касеновтің айтуынша, биыл өңірде бұрын-соңды болмаған жаңа форматтағы мәдени жобалар іске асырылды.
Солардың бірі – алғаш рет ұйымдастырылған «Бұқтырма балықшысы–2025» фестивалі. Табиғатпен үндескен бұл жоба балық аулау мәдениетін ұлттық құндылықтармен ұштастырып, экологиялық туризмді дамытуға серпін берді. Фестивальге еліміздің әр өңірінен және шетелден келген қатысушылардың көп болуы Күршім мен Самар аудандарының туристік әлеуетін арттырды.
Ал жылдың ең ірі мәдени оқиғаларының бірі – Қатонқарағай ауданында өткен «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі болды. Алтайдың асқақ төрінде өткен бұл ауқымды шара түркі халықтарының ортақ тарихы мен рухани тамырын қайта жаңғыртты.
Фестиваль аясында музыкалық қойылымдармен қатар этноауылдар, ұлттық ойындар, ғылыми-мәдени кездесулер мен көрмелер ұйымдастырылды. Айта кету керек, бұл фестиваль алғаш рет он екі жыл бұрын Берел ауылында бастау алған болатын. Биыл ол түркітілдес елдердің рухани-мәдени бірлігіне жаңа серпін берді.
14 маусым күні өткен «Алтайым – алтын бесігім» халықаралық ақындар айтысы да жұртшылықтың зор қызығушылығын тудырды. Екі кезеңнен тұрған сөз сайысының бас жүлдесін Қарағанды облысының айтыскері Дидар Қами иеленді. Айтыс үзілістерінде көрермендерге кең көлемді концерттік бағдарлама ұсынылды.
Алтай төріндегі мәдени думан түркі халықтарының өнерін тоғыстырған салтанатты гала-концертпен жалғасты. Сахнада Қазақстанның белгілі өнер жұлдыздарымен қатар Түркия, Татарстан, Өзбекстан, Саха, Қырғызстан, Алтай, Моңғолия, Түрікменстан, Әзербайжан және Тыва елдерінен келген өнерпаздар өнер көрсетті. Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қатысушылардың 80 пайыздан астамы өзге өңірлер мен шетелдерден келген.
Облыс көлемінде жүзеге асқан «Туған жер – алтын бесігім» жобасы да өңірлік мәдени саясаттың маңызды бағытына айналды. Үш айға созылған жоба аясында әр аудан өзінің мәдени, әлеуметтік-экономикалық әлеуетін таныстырды.
Жобаның қорытынды гала-концерті 19 желтоқсан күні өтті. Нәтижесінде Бас жүлде Күршім ауданына, І орын – Тарбағатай ауданына, ІІ орын – Ұлан ауданына, ІІІ орын – Марқакөл ауданына табысталды.
Сонымен қатар өңірде бесінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатқан «Шығыс салбурыны» халықаралық фестивалі де ұлттық мұраны дәріптеудің жарқын үлгісіне айналды. Биыл фестивальге 140-тан астам бүркітші қатысып, этноауылдарда қазақтың дәстүрлі салт-жоралғылары көрсетілді.
Жыл соңында өткен «Аяз ата, Ақшақар–2025» халықаралық фестивалі Риддер қаласы мен Өскеменде ұйымдастырылып, қысқы туризмді дамытуға бағытталды.
Бұдан бөлек, облыстық театр ұжымдарының Өзбекстан, Қырғызстан және Грузия елдеріне жасаған гастрольдік сапарлары, халықаралық фестивальдерде жеңіп алған жүлделері өңір мәдениетінің жоғары деңгейін айқындады.
Қорыта айтқанда, Шығыс Қазақстандағы ауқымды мәдени жобалар өңірдің рухани әлеуетін арттырып қана қоймай, ұлттық құндылықтарды сақтау мен халықаралық деңгейде танытуға бағытталған маңызды тетікке айналып отыр.



