KZ
Өскемен
+3°
облачно с прояснениями жел 4 м/с, ОШ
502.57 591.68 6.42

Жоғары білім және ғылым: 2025 жылғы негізгі өзгерістер мен нәтижелер

Кеше, 12:30 69 Ержан Әбіш

2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап бакалавр студенттерінің шәкіртақысы 52 372 теңгеге дейін ұлғайып, соңғы бес жылда екі есеге артты. Ал магистранттар мен докторанттардың айлық төлемдері тиісінше 117 мың және 262 мың теңгеге, оқытушылардың орташа жалақысы 350 мың теңгеге дейін жетті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР  Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кеңейтілген баспасөз кездесуі барысында Ғылым және жоғары білім вице-министрлері Гүлзат Көбенова мен Динара Щеглова 2025 жылғы жоғары білім және ғылым саласындағы атқарылған жұмыстардың қорытындыларын ұсынып, Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық міндеттердің орындалу барысына тоқталды.

Брифингтің негізгі тақырыптары жоғары білімге қолжетімділікті арттыру, адами капиталды дамыту, ғылымды қолдау және жасанды интеллектіні білім беру жүйесіне енгізу мәселелерін қамтыды.

Вице-министр Гүлзат Көбенова саланы жүйелі дамытуға негіз болып отырған 2023-2029 жылдарға арналған Жоғары білім және ғылымды дамыту тұжырымдамасына ерекше назар аударды. Аталған құжатта 21 мақсатты көрсеткіш пен 144 іс-шара көзделіп, білім сапасын арттыру, ғылыми-техникалық әлеуетті күшейту және халықаралық бәсекеге қабілеттілікті дамыту басты басымдық ретінде айқындалған.

2025 жылы елімізде 122 жоғары оқу орны жұмыс істеп, онда 724,1 мың студент білім алуда. Оның шамамен 299 мыңы мемлекеттік білім беру грантымен оқиды. Жоғары білім беру жүйесінде 45,5 мыңнан астам оқытушы еңбек етеді.

2025-2026 оқу жылына 93 мыңнан астам білім беру гранты бөлініп, дифференцияланған гранттар мен жеңілдетілген білім беру несиелері енгізілуде. Сонымен қатар «Келешек» жинақтау жүйесі «Ұлттық қор – балаларға» тетігімен бірге іске асырылып жатыр.

Әлеуметтік қолдау шаралары да кеңейтілді. 2025 жылғы 1 қыркүйектен бастап бакалавр студенттерінің шәкіртақысы 52 372 теңгеге, педагогикалық мамандықтар бойынша 84 мың теңгеге дейін артты. Магистранттар 117 098 теңге, докторанттар 262 500 теңге көлемінде шәкіртақы алады. Ал профессорлық-оқытушылық құрамның орташа жалақысы 350 мың теңгеге, ұлттық университеттерде 400 мың теңгеге дейін жетті.

Жоғары білім инфрақұрылымын дамыту мақсатында жеке инвесторларды тарту жалғасуда. 2018 жылдан бері 62 мыңнан астам орынға арналған 251 студенттік жатақхана пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта тағы бірнеше жатақхананың құрылысы аяқталу сатысында.

Білім сапасын арттыру бағытында «Мамандығым – болашағым» жобасы жүзеге асырылып, еңбек нарығының сұранысына сай 902 білім беру бағдарламасы әзірленді. Сонымен бірге микроквалификациялар мен minor-бағдарламалар енгізілуде.

Жасанды интеллектіні дамыту – саланың басты басымдықтарының бірі. Вице-министр Динара Щеглова атап өткендей, ЖОО аралық жасанды интеллект стандарты қабылданып, қолданбалы ЖИ бағытында ондаған оқу бағдарламасы іске қосылды. AI-Sana бағдарламасы аясында 572 мыңнан астам студент оқуды аяқтады.

Сонымен қатар шетелдік жетекші университеттермен стратегиялық әріптестік кеңейіп, қазіргі таңда 11 елден 40 серіктестік орнатылған.
Ғылым саласында да қаржыландыру көлемі артып, ғылыми қызметкерлердің жалақысы көтерілді, ғылыми зерттеулерді коммерцияландыруға мүмкіндік беретін заңнамалық өзгерістер қабылданды.

Баспасөз кездесуі қорытындысында 2026 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігі жоғары білімге қолжетімділікті арттыру, инфрақұрылымды дамыту, жасанды интеллект мүмкіндіктерін кеңейту, ғылымды цифрландыру және коммерцияландыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыратыны атап өтілді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу