МӘМС жүйесімен қосымша 25 мыңнан астам ШҚО тұрғыны қамтылады
Шығыс Қазақстан облысында 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесі жаңа талаптармен жұмыс істейді. Жүйедегі өзгерістер сақтандырылмаған азаматтар санын қысқартып, өңір тұрғындары үшін медициналық қызметтердің қолжетімділігін кеңейтпек. Мемлекеттік қолдаумен шамамен 25 мыңнан астам облыс тұрғындары қамтылмақ, деп хабарлайды Altainews.kz.
Шығыс Қазақстан облысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ШҚО бойынша филиалы директорының міндетін атқарушы Ирина Степанова мен ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының алғашқы медициналық-санитарлық көмек жөніндегі бас маманы Асем Емелбекованың қатысуымен өткен брифингте 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі негізгі өзгерістерді түсіндірілді,
Енгізілетін өзгерістер ең алдымен халықты МӘМС жүйесімен қамтуды кеңейтуге және әлеуметтік тұрғыдан осал санаттағы азаматтарды қорғауға бағытталған.
Негізгі жаңашылдықтардың бірі – әлеуметтік әл-ауқаты төмен азаматтар үшін, сондай-ақ ресми түрде тіркелген жұмыссыздар үшін МӘМС жарналарын жергілікті бюджет есебінен төлеу. 2026 жылы МӘМС жүйесімен қосымша 25 мыңнан астам ШҚО тұрғыны қамтылады деп күтілуде.
Сондай-ақ, жарналарды кемінде бес жыл бойы тұрақты төлеп келген азаматтар үшін жеңілдік кезеңі ұзартылмақ. Табысынан уақытша айырылған жағдайда, олар бұрынғы үш айдың орнына алты айға дейін сақтандырылған мәртебесін сақтай алады.
ШҚО-да медициналық алғашқы санитарлық көмек желісін дамыту және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта өңірде 25 медициналық ұйым алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді, оның 12-сі мемлекеттік, 13-і жекеменшік.
Оның айтуынша, өңірдегі МСАК жүйесі кадрлармен қамтамасыз етілген. 2025 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша медициналық қызметкерлердің жалпы саны 1 304 адам. Оның ішінде 226 жалпы тәжірибелік дәрігер, 71 педиатр, 69 терапевт, 53 акушер-гинеколог және 885 орта буын медицина маманы бар.
МӘМС жүйесіндегі барлық өзгерістер табысы мен тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір азамат үшін медициналық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ететін, тұрақты, әділ әрі пациентке бағдарланған денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыруға бағытталады.