ШҚО-да әскери ғимарат балалар лагеріне айналуы мүмкін
Фото: YK-news.kz
Риддердің шетіндегі ғимараттар кешені ұзақ жыл бойы қаңырап бос тұрғаны белгілі. Нысан күзетілмейтіндіктен, шатырын, терезелері мен есіктерін біртіндеп бөлшектеп әкетуде, деп хабарлайды Altaynews.kz. тілшісі YK-news.kz. сілтеме жасап.
Құрылыс кезеңінде-ақ қажеттілігі жойылған ғимараттарды сақтап қалу үшін Риддер әкімі оларды қаланың коммуналдық меншігіне беру туралы әскери ведомствоға жүгінген болатын.
"Егер біз бұған қол жеткізе алсақ, мұнда балаларға арналған демалыс базасын, жастар лагерін ұйымдастыруға болады. Отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдерді бейімдеу орталығы үшін де орын табылуы мүмкін. Ғимараттың орналасқан жері орман аймағында, көліктің жүруіне де ыңғайлы. Сонымен қатар, бір кездері мұнда жылыту, кәріз, су жүйесі тартылған. Осы жылдар ішінде мұның бәрі жарамсыз болып қалуы мүмкін, дегенмен қайтадан қалпына келтіруге болады", - дейді Дәулет Батырбаев.
Әкімнің түсіндірмесін экономика және қаржы бөлімінің басшысы Айсұлу Рамазанова толықтырды:
«Осы нысанға қатысты барлық құжаттарды зерделей келе, әскерилер жер учаскесін әлі рәсімдеп үлгермегенін білдік, яғни қазір ол ресми түрде оларға тиесілі емес. Мұның бәрі аяқталмаған құрылысты қаланың коммуналдық меншігіне беруді әлдеқайда жеңілдетеді».
Айжанат Бақытқызы