Тарбағатайлық мүсінші шеберлігімен жұртты тәнті етіп жүр
Қолөнер біздің байырғы бабадан келе жатқан төлөнеріміз. Сондықтан да болар ел ішін өнер кенішіне айналдырып жүрген шеберлер баршылық. Солардың бірі – тарбағатайлық Нұрахмет Зиябекұлы.
Қолөнер бұйымдарын барынша байырғы қалпын бұзбай жасауды қолға алған шебердің бұйымдарын жұрт қызыға тамашалайды. Әсіресе төрт түліктің төресі жылқының мүсіндерін жасауда алдына жан салмайды, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Дәстүрден танбай, қолөнердің қадірін арттырып, оны заманауи технология тілімен үндестіріп жүрген шебер Тарбағатай ауданының Қабанбай ауылында тұрады. Алыс ауылда тұрса да қолөнерге өзіндік үлесін қосып жүр.
Ұлттық бұйымдар тек әдемі ғана болмауы тиіс, оның өзіндік тарихынан сыр шерткені дұрыс. Оның түп негізі, тарихи тамыры сақталуы қажет. Осыны ескерген шебер арнайы қалаларға, мұражайларға барып қолөнер бұйымдарын көріп қайтады екен. Біз өңірдегі қолөнер бұйымдарын жасап жүрген шеберлердің бірін ғана тілге тиек етіп отырмыз. Жалпы шығыс өңірінде қолөнер бұйымдарына деген қызығушылық жоғары.