KZ
Өскемен
-9°
облачно с прояснениями жел 2 м/с, В
527.3 544.86 4.95

Шығыстағы ерлі-зайыпты шеберлер туралы не білеміз?

21.11.2023, 17:06 484 Қызырбек Дүргінбайұлы

Самар ауданында отбасылы шеберлер тұрады. Екеуі де бармағынан бал тамған қолөнерші. Екеуі де ұлттық құндылықты ұрпаққа дәріптеп, көне бұйымдарды жаңғыртып жүрген ұстаз. Екеуі де ҚР Шеберлер одағының мүшесі.

Самар ауданына барған сапарымызда көрмеде тұрған ағаш бетіндегі Алаш арыстарының бейнесі бірден көзімізге түсті. Тоқылған шиге де ұлттық құндылық пен ұлы тұлғалар бейнесі өрнектеліпті. Ал алтын қолды зергер Оралбек Бекқалиұлының күмістен түйін түйетініне бұған дейін де бірнеше мәрте куә болған едік. Бұл жолғы ұлы тұлғаларды ағаш бетіне бейнелеуі көрмені тамашалаған жұрттың ерекше назарын аударды.

–  Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейхан, Абай Құнанбайұлы сияқты алыптардың бейнесін аралас технология арқылы ағаш бетіне салдым. Басты мақсатым ұлы тұлғаларды ұрпаққа дәріптеу. Әйелім екеуіміз де қолөнер шебері әрі көркем еңбек пәнінің мұғаліміміз. Болғанбаев атындағы Самар орта мектеп-лицейінде жұмыс істейміз, – дейді Оралбек Бекқалиұлы. 

Отбасылы шеберлердің жасаған бұйымдарын, текеметі мен ағаштан түйген түйінін облыс әкімі де қызыға тамашалады. Тіпті, кейбірін өз коллекцияясына сатып алды.

– Көптеген көрмелерге барып қатысып тұрамыз. Жуықта Түркістан облысында өткен зергерлер мен тоқымашылардың қолөнер көрмесіне қатысып, жүлделі болып қайттық. Негізгі мақсатым ұлттық құндылығымызды ұрпаққа дәріптеу. Қазақтың қолөнерін дамытып, сақтау. Сондықтан да мектепте қыыздарға көркем еңбек пәнінен сабақ беремін. Ұстаз бола жүріп ұлттық құндылықты ұлықтау, – дейді Камшат Айтауқызы.

Бұл қос шебердің көрмедегі ғана бұйымдарынан көргеніміз. Алтын қолды шеберлердің қолөнер бұйымдары туралы «Дидар» газетінде кеңірек жазатын боламыз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу