Қауіпсіздік техникасын сақтамау салдарынан карьерде жұмысшы қаза тапты
Фото: orda.kz
Қайғылы оқиға ШҚО Күршім ауданында болған.
Бүгін, 3 наурызда кешкі сағат 16.00-де Маралды ауылындағы карьерде жұмыс істеп жатқан “Муртазаев” жеке кәсіпкерлігінің жұмысшысы қауіпсіздік техникасын сақтамау салдарынан қаза тапты. Ол бульдозер мен экскаватордың арасында қысылып қалған, хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бізге белгілі мәліметтер бойынша, батып қалған кранды жұмысшылар бульдозерге тіркеп алып шықпақ болған. Осы кезде бульдозер артқа қарай сырғып кетіп, краншы екі техниканың арасында қалып қойған.
Қаза тапқан азамат – компанияның штаттық қызметкері емес, Зайсан ауданынан келген “Муртазаев” жеке кәсіпкерлігінің жалдамалы жұмысшысы.
Ал бульдозер жүргізушісі – Күршім ауданының тұрғыны.
Алдын ала болжам бойынша, кісі өлімімен аяқталған өндірістегі бұл қайғылы оқиғаның себебі – қауіпсіздік техникасын сақтамау.
Жағдай бақылауға алынды. Оқиға орнына құқық қорғау органдарының, төтенше жағдайлар қызметінің және Күршім ауданы әкімдігінің өкілдері дереу аттанды. Жауапты органдардың өкілдері оқыс оқиғаның себеп-салдарын анықтайтын болады.