Өскемен арматура зауыты - өз саласының флагманы - Сүйіндік Алдашев
Шығыс Қазақстанға жұмыс сапарымен келген Парламент Сенатының депутаттары өңірдегі бірқатар өндіріс орнында болып, жұмысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Сондай нысанның бірі – Үлбі металлургия зауытының аумағында жүзеге асырылған және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның ең ірі инвестициялық жобаларының бірі саналатын «Үлбі-ЖБҚ» ЖШС. Бүгінде атом станцияларына арналған отын өндіретін мұндай кәсіпорын еліміздің ешбір өңірінде жоқ. Жылына төмен байытылған уранға қайта есептегенде 200 тонна жылу бөлетін құрамаларды (ЖБҚ) өндіруге әлеуетті зауыттың іске қосылғанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соған қарамастан, қазірде өндіріс орнының өнімі зор сұранысқа ие.
Белгілі болғандай, соңғы екі жылда ҚХР-ға ЖБҚ-ның бес партиясы жеткізілген. Бұл – төмен байытылған уранға қайта есептегенде шамамен 150 тонна өнім. Қазір өнімнің алтыншы және жетінші партиялары да жөнелтілуге дайын тұр.
Депутаттар барған тағы бір нысан Өскемен арматура зауыты болды. Өнеркәсіптік құбыр тірек арматурасын өндіру бойынша ТМД-дағы ең ірі кәсіпорын саналатын зауыттың 50 жылдық тарихы бар.
Зауыт басшылығының айтуынша, соңғы жылдары 700 кгс/шаршы см-ға дейінгі қысымдарда жұмыс істейтін, шартты өтпе диаметрі 400 мм-ға жететін кең номенклатуралы құбыр арматурасын өндіру игерілген.