ШҚО прокуратурасы мектеп асханаларындағы заңсыздықтарды анықтады
Фото: tenbook.ru
ШҚО прокуратурасы аз қамтылған отбасылардан шыққан 9501 баланың, сондай-ақ 11 бизнес субъектісінің құқығын қорғады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ШҚО прокуратурасының хабарлауынша, талдау барысында мектеп асханаларында халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын (әлеуметтік көмек алатын, жетім, толық емес отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және т.б.) және мемлекет есебінен тамақтанатын оқушылардың тамақтану нормалары (11-18 жас аралығындағы оқушылар 7-10 жастағы балалардың нормаларымен тамақтандырылған) заңсыз төмендетілгені анықталды.
Сонымен қатар мектеп асханаларында тамақтандыру бойынша қызмет көрсететін 11 кәсіпкерден төлем кезінде қосылған құн салығын заңсыз алып отырған (620 теңгенің орнына 1 оқушы/күн, яғни ҚҚС есебімен 553 теңгеден төленген).
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша ШҚО білім басқармасының 7 лауазымды тұлғасы, оның ішінде басшының орынбасары (осы бағытқа жетекшілік ететін) қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Білім басқармасы өңірдің 9501 оқушысына тамақтану нормаларын ұлғайтып, 11 кәсіпкерге заңсыз ұсталған сомасын өтеу үшін қайта есептеу жүргізуде.