Күршім ауылының кәріз жүйесі толық жаңартылады
Алдағы екі жылда Күршім ауылының кәріз құбырлары мен ағынды суларды тазарту қондырғылары толықтай жаңартылады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аудан орталығында сегіз мыңнан астам адам тұрады. Кәріз жүйесіне 36 көппәтерлі үй мен әлеуметтік нысандар қосылған.
Қолданыстағы кәріз жүйесі 1960 жылы салынған, содан бері жөндеу көрмеген. Күршім тұрғындары ағынды суларды тазарту қондырғыларының жұмысына қатысты көп рет шағымданған болатын. Себебі сарқынды сулар жақын маңдағы өзен-көлдерді ластаған. Ауылдың кәріз құбырлары де әбден тозған, жиі жарылады.
Аудан әкімінің орынбасары Мейіржан Әлбековтің айтуынша, өткен жылы жергілікті билік ағынды суларды тазарту қондырғыларын жөндеуге 80 миллион теңге жұмсаған. Қазір нысан жұмысы аздап ретке келтірілді. Бірақ мәселені шешу үшін кәріз жүйесін толық жаңарту қажет.
Естеріңізге салсақ, ШҚО әкімі Ермек Көшербаев «Өскемен су арнасы» кәсіпорнының Солжағалаудағы тазарту қондырғыларына барғанда энергетика және ТҮКШ басқармасына өңірдің барлық елді мекендеріндегі осындай құрылыстар мен коммуникациялардың жай-күйі туралы құжат дайындауды тапсырған. Келесі жылы Өскемен, Риддер, Алтай, Серебрянка қалаларының тазарту қондырғыларын жаңарту бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Олар елдегі осындай жөндеу жұмыстары жүргізілетін 9 қаланың қатарына енген.