Халықаралық биология олимпиадасына қатысушылар арасында ШҚО оқушысы бар
ШҚО білім басқармасы
Астана қаласында биологиядан IBO-2024 35-ші халықаралық олимпиада басталды. Ол 7-14 шілде аралығында өтеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Мақсаты – биологиялық зерттеулерге қызығушылықты арттыру, дарынды оқушылардың идеяларын насихаттау және өзара тәжірибе алмасуларына мүмкіндік жасау.
Халықаралық биология олимпиадасы (IBO) – әлем елдерінің орта мектеп оқушылары арасындағы ең бәсі жоғары бәсеке және білім саласындағы ең ауқымды шаралардың бірі. Қазақстандық мектеп оқушылары ғылыми жарысқа 1996 жылдан бері қатысып келеді. Осы уақыт ішінде олар 2 алтын, 20 күміс, 54 қола медаль және 14 құрмет грамотасын жеңіп алды. Бұл жоғары көрсеткіш болып саналады. Қазақстанның мұндай беделді іс-шараны өткізу орны ретінде таңдалуы да сондықтан.
Биылғы олимпиадаға 80 елден 350 оқушы қатысады деп күтілуде. Додада 40-тан астам жүлде таласқа салынады. Еліміздің құрама командасы сапында төрт оқушы бар.