KZ
Өскемен
+5°
облачно с прояснениями жел 3 м/с, ОШ
488.11 530.09 5.01

"Таза Қазақстан": Глубокое кентінде кезекті сенбілік өтті

12.07.2024, 12:31 107 Ержан Әбіш

Облыс тұрғындары үнемі өз бастамаларымен сенбіліктер өткізіп, белсенділік танытып келеді. Айталық, бүгін Глубокое ауданында «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза бұлақ – таза аумақ» ұранымен кезекті сенбілік өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Акцияға қатысушылар Глубокое кентінің Киргородок шағын ауданындағы жағажай аумағын абаттандырды.

– Бүгін орындықтар, қоқыс жәшіктері, кәуап пісіру алаңдары, контейнерлік алаңдар, киім ауыстыратын кабиналар, дәретханалар орнатылды. Сондай-ақ суға жүзу сигналдары қойылды. Демалушылардың қауіпсіздігі үшін бейнебақылау камералары, ескерту жүйесі орнатылды, – деді экологиялық акцияға қатысушы Елизавета Қайырбекова.

Балаларға арналған ойын алаңқайлары және белсенді өмір салтын сүйетіндер үшін футбол, волейбол, теннис алаңдары салынды.

– Бүгін акция аясында біз өзендердің жағасы мен жол жиектерін қоқыстан тазарттық. Бұл іс-шара өз жалғасын табатын болады. «Таза Қазақстан» акциясы – қоршаған ортаның тазалығын сақтауға ықпал етіп қана қоймай, өскелең ұрпақты туған өлке табиғатын аялауға тәрбиелейтін маңызды іс-шара, – деді Глубокое ауылының тұрғыны Роза Советханқызы.

Айта кету керек, облыста «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жоғары тиімділігі үшін «Экосақшы» жобасы басталды. Бірінші эко-тур Самар ауданында өтті, онда Самар ауданының ауылдық округтерінен тағайындалған экопатрульдерді оқыту семинары ұйымдастырылды. Соңында ауданның экосақшылары және «Жасыл ел» еңбек жасақтарының мүшелері, волонтерлер Бұқтырма су қоймасының жағасында сенбілік өткізді.

Жыл басынан Шығыс Қазақстан облысында 204 саябақ пен сквер, 323 тарихи-мәдени ескерткіш, 859 әлеуметтік нысан ретке келтірілді. 6,8 мың су нысаны, 26 субұрқақ, 348 км арық тазартылды. Елді мекендерден 29 мың тонна қоқыс шығарылды.

Қазір өңірде 42 көппәтерлі тұрғын үйдің қасбеттерін жөндеу және муралдар салу жұмыстары жүруде. Іс-шаралар елдімекендерге бірыңғай сәулеттік келбет беруге бағытталған.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив