KZ
Өскемен
+5°
переменная облачность жел 2 м/с, В
480.61 534.53 5.28

Өскемендіктерді толғандырған мәселені өңір билігі жолға қоятын болды

5.08.2024, 19:39 112 Нұржан Кенжеұлы

Облыс орталығының 19-шағын ауданындағы көпқабатты үйлердің пробеламалары қашан шешімін табады? Бүгін аталмыш шағын ауданға барып, жергілікті тұрғындармен кездескен облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов халықты толғандырған мәселелерді естіп қайтты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Аудандағы көпқабатты үйлер осыдан шамамен алты жыл бұрын салынған. Алайда, қандай да бір себептермен алдын ала жоспарда болған және жергілікті көппәтерлі үйлердің қасынан бой көтеруі тиіс балабақша мен мектеп құрылысы басталмай қалған. Негізінен бес және тоғыз қабатты үйлер шоғырланған бұл шағын ауданда бұдан басқа да проблема жетеді. Пәтерлерінің басым бөлігінде жас отбасылар тұратын үйлерде балаларға арналған қарапайым ойын алаңқайлары жоқтың қасы.   

Электр энергиясымен қамтуда да мәселелер бар, шағын ауданда оқтын-оқтын жарық сөніп тұрады. Нәтижесінде адамдар жарықсыз ғана емес, сонымен қатар сусыз да қалатын кездер аз емес. Үйлердің қайта-қайта жарықтан ажыратылуы пәтерлердегі тұрмыстық техниканың істен шығуына себепші болып жатады, дейді тұрғындар.

Жергілікті тұрғындар үшін үйге жету де бір мәселе – таулы аймақта бой көтерген бұл ауданға қоғамдық көлік қатынамайды. Тұрғындардың айтуынша, олар қала билігінен бірнеше мәрте хат жазып, көмек сұраған. Бірақ әзірге көмек болады деген құрғақ уәдеден ары аспай келеді.

– Проблемалар 2018 жылы тұрғындар үйлерге қоныстана бастаған кезде басталды. Бастапқыда бас жоспарда балабақша, мектеп және балалардың ойын алаңдарын салу қарастырылған болатын. Алайда, кейін ол жұмыстар жоспардан алынып тасталды деп естідік. Бұл жөнінде жергілікті атқарушы органдардан да мардымды жауап ала алмадық. Олардың айтуынша, жобалар өте қымбатқа шығады екен. Осыдан соң облыс әкімі мен БАҚ-тың көмегіне жүгінуден басқа амалымыз қалмады. Түптің түбінде біздің проблемаларымыз шешімін табады деп сенеміз, –дейді Әл-Фараби даңғылы, 40 мекенжайындағы үйге қарасты мүлік иелері бірлестігінің төрағасы Нұржан Баженбаев.

Бүгінгі кездесуде шағын аудан тұрғындарының өтініш-тілектерін облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметов пен бірқатар бейінді басқарманың өкілдері тыңдап қайтты.

– Мұнда мыңнан астам бала тұрады және балабақша мен мектеп салу мәселесі әлдеқашан пісіп-жетілген. Осы мәселелер бойынша облыстық білім басқармасы тиісті талдау жұмыстарын жүргізіп, өз ұсыныстарын беретін болады. Қыркүйекке дейін қоғамдық көлікті іске қосу керек. Абаттандыруға қатысты мүлік иелерінің бірлестігі «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша өтінім берді, қазірдің өзінде жеңімпаз жобалар бар. Электр энергиясын жиі ажырату мәселесіне келсек, бұл жөнінде энергетиктермен қажетті жұмыс жүргізіп, бірінші кезекте тарату қосалқы станцияларын қалпына келтіруге күш саламыз, – деп атап өтті Бақытжан Байахметов.

Белгілі болғандай, проблемалық мәселелерді кешенді шешу мақсатында арнайы алгоритм әзірленбек, онда жұмыстарды орындау мерзімі нақты көрініс табатын болады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив