"World Cleanup day" әлемдік экоакциясына 380 млн адам қатарында Шығыс Қазақстан да қатысуда (ВИДЕО)
Жыл сайын бүкіл әлемде қыркүйектің үшінші сенбісінде "World Cleanup day" ауқымды Дүниежүзілік экологиялық акциясы өткізіледі. Бүгін шара әлемнің 150 мемлекетінде 380 миллионнан астам адамның қатысуымен өтіп жатыр, Altainews.kz тілшісі.
Бұл шарадан шығысқазақстандықтар да тыс қалмады. Дүниежүзілік акция Өскемен қаласында Үлбі өзенінің жағалау аймағында ұйымдастырылды.
Қазақстанның Дүниежүзілік акцияға қатысуы Қазақстанды жаһандық әлемдік Экологиялық акциялардың қатысушысы, "Жасыл" экономика қағидатын іске асыратын ел ретінде танытуға мүмкіндік береді.
Акцияның ең жас қатысушысы Даниял Закимов Өскемен қаласындағы №12 мектеп-гимназияның оқушысы. Балақай жаз бойы аулаларындағы тазалық жұмыстарына да белсене қатысыпты. Бүгін еді Үлбі жағалауын қоқыстан тазартуға қатыспақшы.
Шығыс Қазақстан техникалық университетінің бірінші курс студенті Асылан Лұқпанның айтуынша, қалалық сенбіліктерге келулерінің басты мақсаты - Өскеменнің экологиясын таза сақтау. Университет жастары әртүрлі тазалық шараларынан ешқашан тыс қалмай, белсенді қатысып келеді.
"Ecojer" қазақстандық өңірлік экологиялық бастамалар қауымдастығы облыстық филиалының басшысы, қоғам белсендісі Елена Березинская-Абилованың пікірінше, халықаралық акцияларға қатысу - бүгінгі күннің тренді. Болашақта бүгінгі бастама өңірімізде дәстүрге айналады деп үміттенеді. Өйткені Шығыс қай істе болмасын көшбасшы, басқаларға үлгі болуы керек.