Ауыл мектебі – облысқа үлгі: Белоусовкадағы білім сапасы ең жоғары деңгейде
Шығыс Қазақстан облысында ауылдық елді мекенде бой көтерген «Келешек мектебі» өңір ішінде көш бастады. Глубокое ауданына қарасты Белоусовка кентіндегі №2 жалпы білім беретін мектеп білім сапасы жағынан үздік нәтижеге қол жеткізіп, ауыл мектебінің әлеуеті мен мүмкіндігін айқындады. Осыған орай Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов кенттің әлеуметтік инфрақұрылымымен және үздік атанған білім ордасының жұмысымен танысты, деп хабарлайды Altainews.kz.
Аймақ басшысы алдымен Белоусовкадағы орталықтандырылған жылу беру жүйесі мен қазандықтың жұмысын тексерді. Қазіргі таңда бұл нысан 43 көпқабатты тұрғын үйді жылумен қамтып отыр. Жауапты мамандар қазандықтың техникалық жағдайы, орнатылған қуаттылығы, жылу желілерінің ұзындығы, негізгі жабдықтары мен жылыту маусымының өту барысы жөнінде толық ақпарат ұсынды. Аймақ басшысы ауа температурасы төмендеуіне байланысты жұмыстың барысы қатаң бақылауда және үздіксіз жүруі қажеттігін ескертті.
«Келешек мектебі» ұлттық жобасы аясында салынған №2 білім ордасы заманауи оқу кабинеттерімен, спорт залымен және цифрлық сыныптармен жабдықталған. Мұнда оқушылар жаңа технологиялар мен жасанды интеллект мүмкіндіктерін меңгеруде.
Бүгінде мектепте 500-ден астам оқушы білім алады. Педагогикалық ұжымның жоғары кәсібилігінің арқасында білім алушылар облыс көлемінде үздік нәтижелерге қол жеткізіп, ауыл мектебінің бәсекеге қабілетті екенін көрсетті.
Нұрымбет Сақтағанов оқу кабинеттерін аралап, мұғалімдермен және оқушылармен пікір алмасты. Ол ауылдық жерлерде сапалы әрі қолжетімді білім беру ортасын қалыптастыру – өңір дамуының стратегиялық бағыты екенін атап өтті.












