KZ
Өскемен
-8°
туман Штиль
498.55 524.28 4.75

Өскеменде шығармашылық тағдыры ерекше суретшінің көрмесі ашылды

2.10.2024, 17:30 253 Жанаргүл Мұқатай

Шығыс Қазақстан Өнер музейінде өскемендік суретші Ирина Усованың «Әлемнің бояулары» атты көрмесі ашылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

«Әлемнің бояулары» сурет көрмесінде әуесқой суретші, 2-топ мүгедегі өскемендік Ирина Усованың туындылары қойылды.
Иринаның шығармашылық тағдыры ерекше. Жоғары техникалық білімі бар («Құрылыс экономикасы және менеджменті» мамандығы) Ирина Усова шығармашылық жолға түскенге дейін, Үлбі металлургия зауытында - алдымен уран өндірісін бақылау және жинақтау учаскесінің қызметкері, содан кейін «Р» цехының хатшысы болып жұмыс істеген. 
Зауытта істеп жүрген шағында ойда жоқта омыртқа ауруына душар болған ол 2014 жылдан бастап жеті жыл бойы өзіне басқа кәсіп іздеуге мәжбүр болады. Ақыры бала кезінен жақсы көретін ісі - сурет өнеріне келеді.  Кескіндеме, суреттің сырлы әлемі оның өміріне «екінші тыныс» береді.
Интернетті пайдалана отырып ол сурет салудың қыр-сырын меңгеріп, жаңа білім алуға мүмкіндік алады.  Ирина Санкт-Петербургтегі белгілі суретші Ольга Базанованы тәлімгерім деп білетінін айтты. Оның жетекшілігімен Ирина кескіндеме техникасын үйреніп, авторлық композициялар жасап, әйгілі суретшілердің жұмыстарының көшірмелерін салады.
Қазір Ирина Усова ең күрделі жанр «сюжеттен»  басқа барлық жанрлармен жұмыс істеуде. Көрмеге келген қалалықтар пейзаждарды («Көктем пейзажы»), натюрморттарды («Құлпынай букеті», «Пияз қосылған майшабақ»), анималистиканы («Тұқы») және портреттерді – әйгілі суретшілердің картиналарының көшірмелерін көріп, суретшінің шығармашылығына, шеберлігіне тәнті болды. 
Ирина Усованың алғашқы жеке көрмесі 2022 жылдың қыркүйегінде Шығыс Қазақстан Өнер музейінде ашылған болатын. Ал, 2023 жылдың мамыр айында ҮМЗ көрме-ақпараттық орталығында екінші жеке көрмесі өтті. Қазіргі өтіп жатқан «Әлемнің бояулары» көрмесі - суретшінің үшінші жеке көрмесі. Тағдырлы суретшінің туындыларын «Даниэль» сауда орталығының «Мадам Бижу» салонынан сатып алуға болады.
«Әлемнің бояулары» көрмесінің ашылуына «St.Art» әлеуметтік-мәдени қорының өкілдері, қала музейлерінің  қызметкерлері, «Жұлдыз» суретшілер мектебінің, сондай-ақ Құмаш Нұрғалиев атындағы колледжінің дизайнер-студенттері қатысып, қылқалам шеберіне қошемет көрсетіп, шығармашылығына табыс тіледі.   
Шығыс Қазақстан  Өнер музейіндегі «Әлем бояуы» экспозициясы келушілер үшін 2024 жылдың 2 қазанынан 2 қарашасына дейін ашық.

Фото: Жәнібек Ырысбай

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу