Елімізде алғаш рет жедел жәрдем мамандарына арналған анықтамалық жарық көрді
Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге көрсетілетін медициналық-санитариялық алғашқы көмекті (МСАК) күшейту мақсатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) қалталы анықтамалығының ұлттық талаптарға бейімделген нұсқасы іске қосылды. Бұл бастама елдегі алғашқы медициналық көмектің сапасын арттыруға, әсіресе балалар мен жасөспірімдердің денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам болып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңа қалта анықтамалығы дәрігерлерге, мейіргерлерге және МСАК деңгейінде қызмет көрсететін өзге де мамандарға арналған заманауи, практикалық әрі кешенді құрал саналады. Ол дәлелді медицина қағидаттарына негізделіп, күнделікті тәжірибеде қолдануға ыңғайлы форматта әзірленген. Құжат медициналық қызметкерлерге клиникалық шешім қабылдауда сенімді бағыт-бағдар беріп, балалар мен жасөспірімдерге көрсетілетін көмектің бірізділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Анықтамалықта денсаулықты нығайту, аурулардың алдын алу, жоспарлы тексерулер жүргізу, ауруларды ерте кезеңде анықтау, жасөспірімдерге кеңес беру, сондай-ақ баланың сау өсуі мен дамуын қолдау мәселелері кеңінен қамтылған. Сонымен қатар әрбір қабылдау мен отбасы мүшелерімен өзара іс-қимылды баланың денсаулығын жақсартуға тиімді пайдалану жолдары көрсетілген.
Қалта анықтамалығын ұлттық контекстке бейімдеу мақсатында 2024-2025 жылдары ДДҰ қолдауымен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің басшылығымен пәнаралық жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына 30 ұлттық және өңірлік МСАК үйлестірушісі, жетекші медициналық жоғары оқу орындарының сарапшылары, сондай-ақ пихиатрия, педиатриялық акушерлік және гинекология, травматология мен неонатология салаларының білікті мамандары енді.
Бірнеше ай бойы жұмыс тобы ДДҰ ұсынымдарын Қазақстанда қолданыстағы клиникалық хаттамалармен, нормативтік-құқықтық талаптармен және медициналық қызмет көрсету жүйесімен салыстыра отырып, құжатқа жан-жақты талдау жүргізді. Бейімдеу процесі ДДҰ-ның медициналық көмектің сапасы мен пациенттердің қауіпсіздігі жөніндегі офисімен (Афина, Греция), сондай-ақ халықаралық сарапшылармен бірлесіп іске асырылды. Бұл өз кезегінде ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, жаһандық стандарттар мен дәлелдерге толық сәйкестікті сақтауға мүмкіндік берді.
Анықтамалықтың ұлттық бейімделген нұсқасы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ресми интернет-ресурстарында ашық қолжетімді форматта орналастырылған. Бұл оны еліміздің барлық өңіріндегі медициналық қызметкерлердің еркін пайдалануына жағдай жасайды.
Жоба LEGO Қорының қаржылық қолдауымен «Денсаулық сақтау және онымен байланысты секторлар арқылы ата-аналарды қолдауға бағытталған ғылыми негізделген араласуды кеңейту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылды. Ал қалта анықтамалығының 300 дана баспа тиражын шығару «Аяла» қорының қолдауының арқасында мүмкін болды.
Жаңа анықтамалық МСАК мамандары үшін күнделікті жұмыста сенімді көмекшіге айналып, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жаңа деңгейге көтеруге ықпал етеді деп күтілуде.