Бүгін «Ертіс-концерт» залының сахнасында әлемдегі ең ізгі де жауапты мамандықтардың бірі – ұстаздар кәсіби мерекесін салтанатты түрде атап өтті. Мұғалімдер мен ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған білім саласының ардагерлерін төл мерекелерімен құттықтау үшін облыс басшылығы, қала жұртшылығы мен қоғам белсенділері жиналды.
Мұғалімдерді облыс әкімінің атынан орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтап, ақжарма тілегін арнады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
– Құрметті ұстаздар, сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын. Кез келген азамат үшін ұстаздың рөлі ерекше. «Мен үшін жақсы мұғалім бәрінен де артық, өйткені ол – мектептің жүрегі» деген болатын аса көрнекті ағартушымыз, алғашқы педагогымыз Ыбырай Алтынсарин. Бұл жерде шалғай ауылдардан келген және техникалық-кәсіптік білім беру саласында қызмет істеп жүрген, балаларымызға кәсіптік білім беріп жүрген мамандар да отыр. Сіздердің барлықтарыңыз Ұстаз деген киелі атаққа лайықсыздар. Ұстаз – ұлағатты есім. Өз ісімен, сөзімен және көзқарасымен жас ұрпақты тәрбиелей отырып, ұстаз тұтастай бір елдің болашағын қалыптастырады. Сондықтан қадірлі ұстаздар, қажырлы еңбектеріңіз үшін мың алғыс! – деді Ербол Нұрғалиев құттықтау сөзінде.
Облыс әкімінің орынбасары саналы ұрпаққа заманауи білім беру мақсатында өңіріміздегі білім ошақтары заманауи құралдармен жабдықталып, оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалып отырғанын тілге тиек етті.
Облыста жыл сайын мұғалімдердің кәсіби мерекесі қарсаңында «Үздік педагог», «Үздік авторлық бағдарлама» сайыстары өткізіледі.
Биыл «Үздік педагог» байқауының облыстық деңгейіне 74 мұғалім қатысып, оның алтауы республикалық деңгейде Шығыс Қазақстанның намысын қорғауға жолдама алды.
Сонымен қатар екі педагогымыз «Еңбек сіңірген ұстаз» төсбелгісімен, алты мұғалім Шығыс Қазақстан облысының білім беру ісіне қосқан үлестері үшін ақшалай сыйлықпен марапатталды.
Салтанатты шара үстінде ұзақ жылдар білім саласында тер төккен ардагер мұғалімдер «Еңбек ардагері» медалімен, елеулі жетістіктерге жеткен ұстаздарымыз «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталып, облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құрмет грамотасы сияқты марапаттарға ие болды.
– Ұстаздық – арқалаған жүгі ауыр, жауапты мамандықтардың бірі. Бүгін өздері мен оқушылары әртүрлі деңгейде жетістікке жеткен мұғалімдеріміз марапатталды. Мен облысымыздың мұғалімдер қауымын мерекелерімен құттықтай отырып, олардың еңбегі жана берсін, шәкірттерінің жетістіктерін көре берсін дегім келеді, – деді облыстық білім басқармасы мектепке дейінгі орта білім беру бөлімінің басшысы Бұлбұл Қозыбаева.
Ұлан ауданындағы Ақжолов атындағы негізгі мектептің директорының орынбасары Зайнолла Оралбеков қырық төрт жылын ұстаздыққа арнапты.
– Зейнеткерлікке шықсақ та, әлі ұстаздық жолында жүрміз. Бүгін мен жарты ғасырға жуық еңбегімнің бағаланғанын көріп отырмын. Мен үшін бұл – үлкен қуаныш. Алдағы уақытта да еліміздің жас ұрпағына тәлім-тәрбие беру саласында қызмет атқара беремін, – дейді Зайнолла Тоқтарұлы.
Өскемендегі №49 мектептің директоры Айгүл Кадирова тек басшылық қызмет атқармай, әлі күнге дейін бастауыш сыныптарға сабақ та береді.
– Еңбек жолымды 1988 жылы бастап, қырық жылымды педагогика саласына арнап келемін. Жас ұрпақты тәрбиелеуде әлі де аянбай еңбек етеміз. Кәсіби мереке қарсаңында еңбегім еленіп, «Ы.Алтынсарин» атындағы төсбелгіге лайық деп танығандары үшін алғысымды білдіремін. Білім саласындағы барлық әріптестерім еңбектерінің жемісін көріп жатқанына, марапат алғандарына қуаныштымын. Барлық ұстаздарды төл мерекемізбен құттықтай отырып, еңбегіміз алда да табысты болсын дегім келеді, – деген тілегін жеткізді Айгүл Кадирова.
Кеш барасында ұстаздарды облыстың өнер ұжымдары құттықтап, ән мен жырдан шашу шашты.