ШҚО-да үздік ұстаздар марапатталды
Осы уақытқа дейін қазанның бірінші жексенбісінде тойланып келген Мұғалімдер күні биыл алғаш рет 5 қазанда атап өтілуде. Тиісті Қаулыны ҚР Үкіметі 10 наурыз күні қабылдаған болатын.
Кез келген қоғамда барлық білімді адамзаттың бойына сіңіретін ұстаздарға деген құрмет – қошемет айрықша. Бүгін облыс орталығында да ұлағатты ұстаздарға құрмет көрсетіліп, «Ертіс концерт» үлкен залында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Соңғы жылдары елімізде мұғалімдердің беделін арттыруға, әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Естеріңзіге сала кетейік, 2019 жылы 27 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педагог мәртебесі туралы» Заңға қол қойғаны белгілі.
Бүгінгі шара барысында саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнап, білім беру саласына үлес қосып жүрген ұстаздарға ШҚО әкімі Ермек Көшербаев мемлекеттік наградалармен марапаттап, алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етті.
Марапатталған ұстаздар қатарында Зайсан ауданы Ю. Гагарин атындағы орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі Толқын Дуланбаева да бар. 33 жыл бойы ұстаздық қызметте жүрген ол бүгін «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағына ие болды.
Салтанатты шара мерекелік концерпен жалғасты.