ШҚО әкімі ұстаздарды мерекесімен құттықтады
Құрметті ұстаздар! Педагогика саласының ардагерлері!
Сіздерді шын жүректен кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Ұлағатты ұстаздар қауымын ұлықтауға арналған бұл күнді расымен-ақ, жалпыхалықтық мереке деп атауға болады, себебі әрқайсымыздың өмірімізде елеулі із қалдыратын жандардың бірі – мұғалімдер. Әрқайсымыздың өзіміздің алғашқы ұстазымызды ерекше жылулықпен, зор сағынышпен еске алатынымыз рас. Мен мұғалімдер отбасынан шыққанмын. Анам мектепте 46 жыл жұмыс істеді. ҚР еңбек сіңірген мұғалімі. Сондықтан мен мұғалім кәсібін әлемдегі кез-келген басқа кәсіппен салыстыруға болмайтынын нақты білемін. Сіздер тарыдай болып табалдырықтан аттаған балаға білім әлеміне есік ашып, ересек өмірге дайындап, болашағының негізін қалайсыздар. Ел ертеңі – бүгінгі ұрпақ болғандықтан, сіздер мемлекеттің дамуына шексіз үлес қосып келесіздер.
Мұғалімдерге әрқашан жоғары талаптар қойылады. Алайда биылғы пандемия әр ұстаздың орны қаншалықты маңызды және құнды екенін ерекше көрсетті. Олар өз шеберліктерін жетілдіріп қана қоймай, аз уақыт ішінде оқытудың жаңа құралдары мен әдістемелерін терең меңгерді. Бастысы, балаларды өз бетінше ойлауға, шешім қабылдауға үйретті.
Бүгінде елімізде мұғалімдердің әлеуметтік және қаржылық әл-ауқатын қарастыратын «Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. 4 жыл ішінде мұғалімнің жалақысы 2,5 есеге өседі. Айта кетейін, біздің өңір мұғалімдерге, әсіресе балаларды республикалық және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға дайындайтын мықты мамандарға жан-жақты қолдау көрсетеді. Бүгін зор мақтанышпен мықтылардың мықтыларына шексіз алғысымды білдіре отырып, арнайы сыйлықтар мен сертификаттарға қол қойдым.
Мен барлық педагогтарды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Біз әрқашан Сіздердің кәсіби шеберліктеріңізді арттыру үшін барлық жағдайды жасаймыз. Баршаңызға зор денсаулық, табысты еңбек, таусылмайтын қуат, отбасыларыңызға амандық пен береке-бірлік тілеймін!