Өзбекстан елімен өзара ынтымақтастық өркендеп келеді
Бүгін, яғни 22 қазанда Шығыс Қазақстан облысының делегациясы екі елдің Премьер-Министрлерінің қатысуымен «Қазақстан-Өзбекстан» халықаралық форумына қатысты. Форум аясында Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының әкімдігі арасында сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Altainews.kz.
Форум аясында қазақстандық кәсіпкерлер Өзбекстанға жалпы сомасы 12 миллион доллар болатын күнбағыс майын жеткізу туралы келісімшарттарға қол қойды. Атап айтқанда, «OskemenAgroProdukt» ЖШС өзбекстандық «TEXNO SERVIS SAM» компаниясымен 2 миллион долларға, ал «Altyn Shyghys»ЖШС бірлескен жоба «Pet Agro Oil» компаниясымен 10 миллион доллардың келісімшартына қол қойды.
Сондай-ақ форум барысында Сурхандарья және Наманган облыстарымен ынтымақтастық туралы жемісті келіссөздер жүргізілді, оның барысында тоқыма өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласындағы мәселелер, сондай-ақ көкөніс шаруашылығы өнімдерін жеткізу бойынша тікелей байланыстарды жолға қою мәселелері талқыланды.
Бұдан басқа, Ташкент облысымен келіссөздер аясында ауыл шаруашылығы саласында жаңа өнеркәсіптік өндірістер мен кәсіпорындар құру мүмкіндіктері қаралды. Бұл бастамалар инвестицияларды тартуға және екі облыстың экономикалық көрсеткіштерін жақсартуға көмектеседі деп күтілуде. Сондай-ақ тоқыма өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу сияқты негізгі салалардағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Ардақ Мәдиев бұл келісімдердің өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға және екі елде де бизнес үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға негіз болатынын атап өтті.