«Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағы берілді

Республика күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының дамуына елеулі үлес қосқан бірқатар азаматтар «Шығыс Қазақстан облысының Құрметті азаматы» атағымен марапатталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Ермек Көшербаевтың қолынан бұл атақты өңірдің белгілі тұлғалары алды. Марапат иегерлерінің қатарында Өскемен қаласының Құрметті азаматы, жазушы, биология ғылымдарының кандидаты Борис Щербаков, Катонқарағай өңірінің тумасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Асқаров, кәсіпкер Ғани Чаймарданов, өлкетанушы Сағымбек Ақанов және мемлекеттік қызметтегі ұзақ жылдық еңбегімен танылған Николай Игнашин бар.
Әсіресе, кәсіпкер Ғани Чаймарданов «Балапан» бағдарламасы бойынша үш облыста балабақшалар мен «Арайлы-Шығыс» балалар сауықтыру лагерін салудағы еңбегі үшін ерекше аталып өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметте ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық қызметтерде белсенділік танытқан Николай Игнашиннің Алтай өңірінің дамуына қосқан үлесі ерекше бағаланды.
Марапаттау кезінде облыс әкімі Ермек Көшербаев Николай Ефимовичке айрықша алғысын білдіріп, оның Шығыс Қазақстан мен Алтай өңірінің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.
Бұл марапат Шығыс Қазақстанның дамуына үлес қосқан тұлғалардың еңбегін лайықты бағалаудың айқын дәлелі болып табылады.