KZ
Өскемен
-23°
туман жел 3 м/с, С
508.91 594.36 6.33

Биыл әлеуметтік салаға арналған бюджет шығысы 15,1%-ға өседі

6.01.2026, 12:00 73 Ержан Әбіш

2026 жылы әлеуметтік-еңбек саласына республикалық бюджеттен бөлінетін шығыстар көлемі 6 трлн 833 млрд теңгені құрайды. Бұл 2025 жылмен салыстырғанда 15,1%-ға немесе 897,7 млрд теңгеге артық. Аталған шығыстардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі – 3,7%, ал республикалық бюджеттегі үлесі – 24,6%, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоспарланған қаражаттың 99,3%-ы, яғни 6 трлн 783 млрд теңге азаматтарға әлеуметтік төлемдерге бағытталады. Оның ішінде 4 трлн 890 млрд теңге зейнетақымен қамсыздандыруға бөлініп, 2,6 млн зейнеткерді қамту көзделген. Ал 1 трлн 893 млрд теңге түрлі жәрдемақыларды төлеуге жұмсалып, шамамен 2,3 млн адамға қолдау көрсетіледі.

Қалған қаражат мүгедектігі бар адамдарды протездік-ортопедиялық құралдармен қамтамасыз етуге, есту қабілеті бұзылған балаларға есту-сөйлеу оңалту қызметтерін көрсетуге, оңалту орталықтарын салуға, сондай-ақ зейнетақы мен жәрдемақы төлеуді ұйымдастыруға бағытталады.

Қазіргі таңда республикалық бюджет есебінен базалық және ынтымақты зейнетақыларды қоса алғанда, әлеуметтік төлемдердің 41 түрі төленеді. 2025 жылы жәрдемақылар мен зейнетақыларды төлеуге 4,6 млн адамға 5 трлн 858 млрд теңге бағытталған. Оның ішінде шамамен 2,5 млн зейнеткер және 2,1 млн-нан астам мемлекеттік жәрдемақы алушы бар.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік төлемдер бойынша қабылданған барлық міндеттемелер уақтылы және толық көлемде орындалған. 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу