KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, С
512.83 600.58 6.36

Алғашқы медициналық көмек: алты мамандыққа басымдық берілді

Кеше, 12:30 97 Ержан Әбіш

Қазақстанда медициналық-санитариялық алғашқы көмек пен амбулаториялық-емханалық қызметті күшейту мақсатында дәрігер кадрларын даярлау жүйесі кезең-кезеңімен жетілдірілуде. Осы бағытта 2025 жылдан бастап интернатурада ең сұранысқа ие алты мамандық бойынша дәрігерлер даярлау қолға алынды. Атап айтқанда, жалпы практика дәрігері, терапия, педиатрия, хирургия, балалар хирургиясы және акушерлік-гинекология бағыттары қамтылды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Аталған шаралар халыққа бастапқы буын деңгейінде көрсетілетін медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған. Бастапқы буынды нығайту – ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің тиімді жұмыс істеуінің негізгі тетігі саналады.

Сонымен қатар білікті балалар дәрігерлерін даярлауға ерекше назар аударылуда. Резидентурада 14 педиатриялық мамандықтың ашылуы балалар денсаулығын сақтау саласындағы кадрлық әлеуетті арттырып, мамандандырылған медициналық көмектің деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Өңірлердегі дәрігер тапшылығын азайту мақсатында резидентурада мақсатты білім беру орындары бөлінді. Сондай-ақ білім беру ұйымдары, жергілікті атқарушы органдар және дәрігер-резиденттер арасында үлгілік үшжақты шарттар бекітілді. Бұл тетік жас мамандарды өңірлерде тұрақтандыруға және кадр тапшылығын жүйелі түрде шешуге бағытталған.

Жоғары медициналық білім беру деңгейінде де талаптар күшейтілді. Оқу бағдарламаларында базалық пәндер нығайтылып, өту балын арттыру арқылы талапкерлерге қойылатын талаптар жоғарылатылды. Сонымен қатар шетелдік талапкерлер үшін қосымша шарттар енгізіліп, ағылшын тілін меңгеру деңгейін міндетті түрде растау талап етіледі.

Жүзеге асырылып жатқан бұл шаралар дәрігер кадрларын даярлау сапасын арттыруға, денсаулық сақтау жүйесінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге және халыққа көрсетілетін медициналық көмектің тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу