KZ
Өскемен
-8°
туман жел 1 м/с, ОШ
512.83 600.58 6.36

Былтыр полиция 85 миллионнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесті

6.01.2026, 15:30 107 Ержан Әбіш

2025 жылы полиция байланыс операторларымен бірлесіп, 19 миллионнан астам жалған қоңырауды бұғаттады. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде жалпы саны 85 миллионнан астам алаяқтық қоңыраудың жолы кесілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қылмыстық топтарды құру және басқару деректері бойынша алты қылмыстық іс қозғалды, оның біреуі трансұлттық сипатқа ие. Сонымен қатар техникалық іс-шаралар барысында қылмыскерлер пайдаланған 100 мыңнан астам SIM-карта мен 88 SIM-box құрылғысы тәркіленді.
Өткен жылы Қазақстаннан тыс аумақтарда жеті call-орталықтың заңсыз қызметі тоқтатылса, ел аумағында да алты осындай орталықтың жұмысы жойылды.

Киберқылмысқа қарсы күрес – Ішкі істер министрлігінің қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Азаматтардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция кешенді жұмыстар жүргізіп келеді. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, алаяқтықтың алдын алу бойынша жүйелі профилактикалық шаралар атқарылуда.

Интернеттің дамуына байланысты дәстүрлі қылмыс түрлері онлайн кеңістікке ауысып, жаңа сипатқа ие болуда. Қазіргі таңда ұрлық пен алаяқтық әрекеттердің басым бөлігі интернет арқылы жасалып, қылмыскерлер заманауи технологияларды кеңінен қолдануда.

Мамандардың айтуынша, мұндай қылмыстармен күрес заңнамалық, техникалық және профилактикалық бағыттарда қатар жүргізілуге тиіс. Тек кешенді тәсіл ғана киберқылмысқа тиімді қарсы тұруға мүмкіндік береді.

Осыған байланысты ІІМ азаматтарды алаяқтардың құрбаны болмау үшін қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырады. Атап айтқанда, күмәнді сілтемелерге өтпеу, жеке деректерді бөгде адамдарға жарияламау, сондай-ақ банк карталары мен олардың деректерін үшінші тұлғаларға бермеу қажет.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу