Күршімнің көпірі ақылы бола ма?
Бұқтырма су қоймасындағы көпірдің салынуы Күршім ауданындағы банкомат мәселесін шешуге септігін тигізбек. Бұл туралы Республика күніне орай өткен көпірдің ашылу салтанатында аудан әкімі Алмат Ақышев мәлімдеді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
«Осы күнге дейін аудандағы банкомат мәселесі шешілмей тұрған еді. Оған басты себеп, инкассаторлық көліктердің паром арқылы өтуіне тыйым салынғандықтан болатын. Енді логистика саласы реттелді», - деді Алмат Ақышев.
Бұқтырма су қоймасындағы ең ұзын көпірдің ашылуына байланысты Күршім ауданында тұрғын үйлер мен жер телімдері қымбаттап жатыр.
«Менің ойымша, жүк көліктері үшін көпір ақылы болуы тиіс. Содан түскен қаражат көпірді күтіп-ұстау жұмыстарына жұмсалуы қажет. Әрине, көпір ақылы бола ма әлде тегін бола ма, оны басшылық шешеді», - деді Алмат Ақышев.
Ажар Сағатбекова