Өскемендік жас бишілер Ресейден олжалы оралды
Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс жобасы аясында Өскемен қаласындағы «FLASH» би студиясы тегін шығармашылық үйірмесінің 70-тен астам жас бишісі ТМД елдері арасында өткен жарыста бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Төрт мыңға жуық қатысушы арасында өткен сайыста жерлестеріміз өздерін тамаша қырынан көрсете білді.
Жасөспірімдер арасындағы «BEST CHAMP OMSK» атты би жарысы Ресейдің Омбы қаласындағы «G-Drive arena» сахнасында ұйымдастырылды.
ТМД елдерінің түкпір-түкпірінен жиналған өнер ұжымдары арасындағы бәсекеге өскемендік талантты жастар да қатысты. Атап айтсақ, жарыста Марина Серохвостованың жетекшілігімен «FLASH» би студиясының 10-17 жас аралығындағы 70 жас бишісі бақ сынады.
М.Серохвостованың айтуынша, ұжымның жас бишілеріне өздерінің жарқын қойылымдарын көрсете отырып, би атмосферасына енудің, сондай-ақ өзге елдерден келген қатысушылардың өнерін тамашалаудың бірегей мүмкіндігі туды.
«BEST CHAMP OMSK» би чемпионатында «FLASH» би студиясының қатысушылары түрлі аталымдар бойынша жүлделі орындарға ие болғанын айту керек. Нақтырақ айтқанда, жерлестеріміз «Adults middle» аталымы бойынша бірінші орынды (17 жас), «Ladies middle» номинациясында екінші орынды (17 жас) жеңіп алды. Сондай-ақ жас бишілеріміз «Kids middle» (10-13 жас) және «Juniors middle» (14-16 жас) аталымдарында арнайы дипломдармен марапатталды.
Нұржан Кенжеұлы