Өскеменде қала әкімінің кубогы үшін жарыс мәресіне жетті
Өскеменде волейболдан қала әкімінің кубогы үшін жарыс аяқталды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
2004-2007 жылдары туған қыздар арасында өткен жарысқа барлығы 15 команда қатысты. Олардың арасында облысымыздың аудан-қалаларынан, сондай-ақ Екібастұздан келген ұжымдар да болды.
Өскемендік «Алтай» волейбол клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, биылғы додаға қатысушылар екі топқа бөлініп өнер көрсетті. Мәселен, 2004-2005 жылдары туған қыздар арасындағы бәсекеде бірінші орынды спорттағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернатының командасы жеңіп алса, екінші орынға Екібастұз қаласының волейболшылары көтерілді. Ал үздік үштікті Семей қаласының құрамасы түйіндеді.
Ал 2006-2007 жылғы қыздар арасындағы жарыста өскемендік «Алтай-3» командасы топ жарды. Одан кейінгі жүлделі орындарға Семей мен Өскемен қалаларының құрамалары табан тіреді.
Жарыс соңында бірқатар аталым бойынша үздік деп танылған ойыншылар қала әкімінің арнайы сыйлықтарына ие болды.