Ұлттық банк 9-10 қарашада төлем жүйелерінің жұмысындағы өзгерістерге қатысты ақпаратқа түсінік берді
Фото: Gov.kz
Соңғы күндері мессенджерлерде 9 және 10 қарашада Қазақстанда барлық банктер бойынша төлемдер мен аударымдар тоқтайтыны туралы ақпарат тараған еді. Бұл жағдайдың себебі ретінде ISO халықаралық төлем хабарламаларының жаңа форматының енгізілуі көрсетілген. Сондай-ақ, қазақстандықтарға осы екі күн ішінде қолма-қол ақша ұстауға кеңес берілген. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық банкі бұл ақпаратқа түсініктеме берді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Желіде тараған мәлімет бойынша, Қазақстан Ұлттық банкі екінші деңгейдегі банктермен бірлесе отырып, елдегі төлем жүйелеріне ISO 20022 төлем хабарламаларының халықаралық форматын енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Алайда, бұл өзгерістер банктердің клиенттерге қаржылық қызмет көрсету тәртібіне әсер етпейтіні хабарланды.
Сонымен қатар, банктер өздерінің ақпараттық жүйелерін жаңа форматқа бейімдеу мақсатында техникалық жұмыстар жүргізуі мүмкін. Бұл шаралар банкаралық қызмет көрсетумен байланысты төлемдерді қабылдау кестесінде қысқа мерзімді өзгерістер тудыруы ықтимал.
Ұлттық банк ISO 20022 стандарты халықаралық деңгейде қаржы ұйымдары арасындағы электронды хабарламалармен алмасуды жеңілдетуге және бизнес-процестерді автоматтандыруға бағытталғанын нақтылады. Бұл стандартқа көшу банк клиенттеріне жаңа шешімдерге қолжетімділікті арттырумен қатар, бірыңғай үлгілерді қолдану арқылы банк операцияларын оңтайландыруға мүмкіндік береді.