Цифрлық теңге енгізу бізге қандай мүмкіндіктер береді?
Фото: aikyn.kz
Цифрлық теңге платформасы пилоттық режимде іске қосылды.
Қазақстан Ұлттық Банкі Ұлттық төлем корпорациясымен бірлесіп, цифрлық теңге енгізу жобасының бірінші кезең қорытындысын жариялады, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты Kursiv Media Қазақстанға сілтеме жасап.
Цифрлық теңге – ұлттық валютаның үшінші түрі. Қолма-қол ақша секілді, цифрлық теңге де – Ұлттық Банктің міндеттемесі. Сәйкесінше, цифрлық теңге төлем құралы, құн өлшемі және айналым құралы қызметін атқарады.
Цифрлық теңгені POS-терминалдар, QR-код, банктердің мобильді қосымшалары, биометрия сияқты әдеттегі банктік сервистер арқылы қолдануға болады.
Интернет жоқ жерде де цифрлық теңге арқылы қолма-қол ақшасыз төлем жасауға болады.
Цифрлық теңгеге арналған цифрлық карталар екі халықаралық төлем жүйесі – Visa мен Mastercard және екінші деңгейлі 4 банк: «Еуразиялық банк», «Халық банкі», «Банк центр кредит» және Altyn bank серіктестікте шығарылып жатыр. Бұл карталар – клиенттердің цифрлық шоттары орталық банктің цифрлық валютасымен байланыстырылған әлемдегі алғашқы карта.
ҚРҰБ Төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұловтың айтуынша, жоба қаржы нарығының екі деңгейлі моделі негізінде жүзеге асырылады. Жеке және заңды тұлғалармен өзара әрекеттесу бұрынғыдай қаржы нарығының қатысушылары арқылы ғана жүргізіледі.
Смарт-келісімшарттардың функционалын, бағдарламалану мүмкіндігін пайдалану арқасында ол нарыққа жаңа өнімдер мен сервистерді құруға мүмкіндік береді. Бұл төлем тізбегіндегі бірқатар процесті автоматтандыруға және тиімділігін арттыруға жол ашады. Сондай-ақ, цифрлық теңге офлайн режимде транзакциялар тізбегін жүргізу мүмкіндігі арқасында интернет шектелген жерлерде қолма-қол ақшасыз төлемдерді қолжетімді етеді.
Шолпақұловтың айтуынша, 2024 жылы жоба жаңа қатысушыларды қосу және сервистерді көбейту арқылы кеңейтіледі. Атап айтқанда, бұл – интернетсіз цифрлық теңгедегі транзакцияларды жүзеге асыру функционалын іске асыру, трансшекаралық төлемдерді оңтайландыру, цифрлық активтер бойынша есеп айырысудың сенімді тетіктерін құру және басқа да инновациялар. Осы бағыттар бойынша дайындық жұмыстары мен алдын ала зерттеулер қазірдің өзінде жүргізіліп жатыр.
Жоспар бойынша нысаналы архитектурасын енгізу жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін аяқталуы керек.
15 қараша, Қаржыгерлер күнінде Қазақстан Ұлттық банкі цифрлық теңгені қолданысқа енгізді. Сондай-ақ конгрес барысында цифрлық теңгемен алғашқы бөлшек транзакция жасалып, оған бір шыны аяқ кофе сатып алынды.
Ертесі күні әлемдегі ең ірі криптобиржа Binance цифрлық теңгеге байланған стейблкоинді тест режимінде іске қосқанын хабарлады.