Алтайда «Менің Отаным – Қазақстан» сурет байқауы өткізілді
Алтай ауданында «Менің Отаным – Қазақстан» тақырыбында сурет байқауы өтті. Шараны ауданның Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырды,- деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Байқауға 16 сайыскер қатысып, 37 жұмысын ұсынды. Картиналар әртүрлі техника мен жанрда орындалып, көрермендерге өмірдің негізгі құндылықтарын көрсетті. Әр жұмыс арқылы қатысушылар өз ойлары мен эмоцияларын жеткізіп, көрмені нағыз өнер мерекесіне айналдырды.
Аудан әкімі Ренат Курмамбаев көрменің ашылу салтанатында сөйлеп, жергілікті суретшілердің шығармашылық деңгейін жоғары бағалады.
Көрмеге ересектер де, оқушылар да қатысқан болатын. Мысалы, Алтай қаласының тұрғыны Фатима Сулейманова 11 жұмысын ұсынып, шығармалары туған Қазақстанға деген шынайы сүйіспеншілікті бейнелейтінін атап өтті. Ал Н.И. Лукянченко жылылық, достық пен өзара көмек атмосферасын бейнелеп берді. Сондай-ақ ол туған елдің қонақжайлығы мен үлкендерге құрмет көрсету мәдениетін жоғары бағалайды. Вялова Елена өз кезегінде туған жері – Шығыс Қазақстанды мақтан тұтатынын жеткізді.
«Менің Отаным – Қазақстан» байқауының негізгі мақсаты – көркем шығармашылық саласында дарынды балалар мен ересектерді анықтау, өскелең ұрпақты туған жерді сүюге, шығармашылыққа тәрбиелеу, танымдық қызығушылықтарын ояту. Алтай ауданы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова байқаудың патриоттық тәрбиені қалыптастырудағы маңыздылығын атап өтті.
Байқаудың қорытындылары желтоқсан айында шығарылады. Аудандық мәдениет бөлімінің басшысы А.Е. Аскатов жеңімпаздарға жүлде қорын да атап өтті. 1 орынға – 200 000 теңге, 2 орынға – 100 000 теңге, 3 орынға – 50 000 теңге қарастырылған.