KZ
Өскемен
-2°
туман Штиль
494.87 520.65 4.91

Өскеменде жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» республикалық байқауы мәресіне жетті

29.10.2024, 11:15 136 Төлеуғазы Жансая

 

Жанаргүл Мұқатай

2024 жылдың 27-29 қазанында Өскемен қаласында 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың «Менің шағын Отаным» атты республикалық интеллектуалдық байқауы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен Шығыс Қазақстан облысының білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған байқау дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназия-интернаты және Өскемендегі №46 орта мектеп базасында өтті.

Байқаудың мақсаты – туған жер тарихына қызығушылық танытатын талантты оқушыларды анықтап, олардың шығармашылық қабілетін, қоғамдық белсенділігін дамыту, өскелең ұрпақтың бойында ұлтжандылықты қалыптастыру және туған өлкесінің тарихы мен құндылықтарын мақтан тұтуға тәрбиелеу.

Конкурсқа еліміздің әр аймағынан облыстық іріктеу кезеңінен өткен 100-ден астам 9-10 сынып оқушысы қатысты. Аудандық кезеңге 7000-нан астам, ал облыстық кезеңге 1600 оқушы қатысты. Республикалық кезең екі айналымда өтті:

  • І айналым – Қазақстан тарихына қатысты сұрақтар бойынша тестілеу.
  • ІІ айналым – оқушылар 4 номинация бойынша сайысқа түсті.

«Дарын» РҒПО өкілі Ерқұлан Нұртазановтың айтуынша, «Менің шағын Отаным» байқауы оқушыларға туған елінің тарихын зерттеп, оның құндылықтары мен болашағына көз жүгіртуге бірегей мүмкіндік береді. Оқушылар «Менің шағын Отанымның тарихы» номинациясында өз өңірінің тарихи ерекшеліктерін бейнерепортаж арқылы көрсетті. «Шағын Отанымның символы» номинациясында бейнепрезентация жасап, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін білдірді. «Менің шағын Отанымның болашағы» тақырыбында шығармашылық жұмыстарын қорғап, болашаққа деген көзқарастарын білдірсе, «Менің шағын Отанымнан шыққан тұлғалар» тақырыбында туған өлкеде еліне еңбек сіңірген азаматтар туралы эссе жазды. Бұл байқауға Қазақстанның барлық аймақтарынан қатысқан оқушылардың белсенділігі мен шығармашылық ізденістері ерекше жоғары бағаланды.

Республикалық байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлері Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен, «Дарын» РҒПО грамоталарымен және құнды сыйлықтармен марапатталды.

Шығыс Қазақстан облысының жас тарихшылары Аделя Амангелдыева мен Тоғжан Төкен Оқу-ағарту министрлігінің ІІІ дәрежелі дипломдарын иеленді, ал Айқын Бауыржанов «Дарын» республикалық орталығының «Ерекше жетістікке жеткені үшін» грамотасымен марапатталды.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу