Глубокое ауданының оқушылары QUIZ зияткерлік ойынына қатысты
Глубокое ауданының оқушылары арасында алғаш рет танымал зияткерлік QUIZ ойыны өтті. Глубокое аудандық Жастар ресурстық орталығы мектеп оқушылары арасында шығыста трендке айналған QUIZ интеллектуалды ойынын ұйымдастырды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Ауданда қазақ және орыс тілді мектептердің көп болуына байланысты QUIZ форматындағы «Умники и умницы» зияткерлік ойыны екі тілде өтті. Ойынға Ы. Алтынсарин, О. Бөкей атындағы орта мектептерінің, Белоусовка №1 орта мектебінің, Прогресс және Уваров орта мектептерінің 10-сынып оқушылары қатысты.
– Мектептің жоғары сынып оқушылары – біздің болашағымыз. Сондықтан жастардың зияткерлік қабілеттерін, аналитикалық және шығармашылық ойлау дағдыларын дамыту, олардың ой-өрісін кеңейту, сондай-ақ зияткерлік-ойын демалысын насихаттау мақсатында QUIZ форматындағы «Умники и умницы» интеллектуалды ойынын өткіздік, – деп атап өтті Глубокое аудандық Жастар ресурстық орталығының директоры Лаура Нұрқасынова.
QUIZ – алдын ала дайындықты қажет етпейтін командалық зияткерлік ойын. Бұл ойында мектеп бағдарламасынан тыс сұрақтар қойылды. Яғни, ойын 5 раундқа бөлініп, әлеуметтік, қоғамдық және танымдық тақырыптарды қамтыды. Команда мүшелеріне ақылдасу үшін тек бір минут уақыт берілді. Барлық бес раундтың қорытындысы бойынша ең көп ұпай жинаған команда жеңімпаз атанды.
Зияткерлік ойынның қорытындысы бойынша тапқырлығы және жеделдігімен ерекшеленген Ы. Алтынсарин атындағы орта мектебі 1-орынды, Уваров орта мектебі 2-орынды, ал О. Бөкей атындағы орта мектебі 3-орынды иеленді.
Жеңімпаздар грамота, кубок және медальдармен марапатталды. Жүлделі орындарға ілікпеген командаларға қатысқаны үшін сертификаттар табысталды.
Ақерке Рағызбаева
Фото: Глубокое аудандық Жастар ресурстық орталығы