KZ
Өскемен
-14°
небольшой снег жел 1 м/с, З
503.35 590.63 6.62

Өскеменде Зайсан ауданының жәрмеңкесі өтті (видео)

Фото: Нелли Петенева
Фото: Нелли Петенева
30.11.2024, 12:30 465 Төлеуғазы Жансая


Облыс орталығындағы «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығының аумағында «Туған жер - алтын бесігім!» жобасының аясында Зайсан ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Дәстүрлі сенбілік жәрмеңкеге қатысқан Зайсан ауданының аграрлары өздерінің құнарлы, әрі табиғи таза өнімдерін қала тұрғындарына ұсынды. Ет, сүт өнімдері, түрлі дақылдар, нан мен кондитерлік өнімдер сияқты тағы да басқа сапалы тауарлардың бағасы қолжетімді болғандықтан, сұраныс та жоғары болды. Сондықтан таң ата бұл жерге ағылған жұрт арзан өнімдерді көптеп алуға тырысты. Қалалықтар бағаның көңілден шығатынын айтып та жатыр.

-  Өзім Зайсанның тумасы болғандықтан, жерлестерім келіп жатқанын біліп, үйде отыра алмадым. Енді міне, алып-ұшып Зайсан асының дәмін татайық деп келіп, саудамды жасап алып риза болып тұрмын.  Қазысын, етін, тартылған етін алдық. Бәрі де тамаша екен! Осындай жәрмеңкелердің жиі ұйымдастырылуы халыққа тиімді, - дейді қала тұрғыны Адия Молдагарова. 

Мәселен, жылқы мен сиыр етінің келісі 2400 тг-ден, ал қойдың еті 2100 тг-ден саудаланды. Өзге де өнімдердің бағасы нарықтағыдан әлдеқайда төмен болды. Сондықтан сатушылардың саудасы қызды. Бұл өз кезегінде, отандық өнім өндірушілерге де үлкен қолдау. Қарабұлақтан өз өнімдерін саудалауға келген Бақытқан Семсерхан тұрғындар жылқы етін, қазыны, сондай-ақ, тарыны таласа алып жатқанын алға тартты.  Айтуынша, әсіресе, жылқы еті жақсы өтіп жатыр. Көптеп алып жатқандармен саудаласып, бағасын бұдан да түсіріп сатып жатқан жайы бар екен. 

- Жылқы етін келісі 2400 тг-ден 2000-ға түсіріп, ал қазыны 3000-нан беріп жатырмын. Тарыны 1200-ден сатудамын. Етке деген сұраныс өте көп, - дейді Бақытқан Семсерхан. 

Жәрмеңкеге сиыр мен қойдың, жылқының еті мен басқа да түрлі азық-түлік тауарлары көптеп жеткізілген. 

- Өздеріңізге мәлім, облыс орталығында Зайсан ауданының мәдени күндері өтіп жатыр. Кеше аудан өнерпаздары өнерлерін жұртшылыққа паш етіп гала концерт өткізді. Ал бүгін ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтуде. Жәрмеңкеге деп 3,5 тонна сиыр етін, 1 тонна жылқы етін, 200 кг-дай қойдың етін және 300 кг-дай тары-талқан, құрт-ірімшік пен сүт өнімдерін әкеліп, төмен бағамен саудалаудамыз. Сондай-ақ, жергілікті кәсіпорындар шығаратын су мен басқа да сусындар, нан мен кондитерлік өнімдер,  үй шаруашылығына арналған тұрмыстық заттар да әкелінді, - дейді Зайсан ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Каримов. 

Осы орайда ауылдастарына қолдау көрсетуден шет қалмаған аудан өнерпаздарының концерттік бағдарламасы жәрмеңкені қыздырып, келушілерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

Атап өтелік, қазіргі уақытта облыстық әкімдік тарапынан бағаны тұрақтандыру мақсатында бірнеше бағытта жұмыс атқарылуда. Соның бірі осы, отандық өнім өндірушілерінің жәрмеңкесі. Қала тұрғындарының көпшілігі сенбі сайын өтетін осындай жәрмеңкелерге келуді әдетке айналдырған. Өйткені мұнда өнім делдалсыз, үстеме баға қосылмастан өндірушіден бірден тұтынушыға жетеді. Осылайша, облыс орталығында апта сайын өтетін жәрмеңке әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, жергілікті халықты сапалы және табиғи азық-түлікпен қамтамасыз етуге оң әсер етіп келеді.

Арайлым Нығметоллақызы

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу