KZ
Өскемен
+18°
облачно с прояснениями жел 8 м/с, СБ
443.72 482.28 4.9

Өскеменде Зайсан ауданының жәрмеңкесі өтіп жатыр

Фото: Тілеубек Шаяхмет
Фото: Тілеубек Шаяхмет
16.09.2023, 09:00 255 Ләззат Қанатқызы

Бүгін таң атысымен қала тұрғындары мен қонақтары табиғи таза өнімдер сатып алу үшін Fresh Market сауда орталығына асықты. Онда қазір «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында  Зайсан ауданының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтуде. 

Өскемен қаласында екінші күн қатарынан Зайсан ауданының мәдени күндері өтіп жатыр, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Жәрмеңкеде кәсіпкерлер мен тауар өндірушілері ауылшаруашылық өнімдерін халыққа нарықтағы бағадан төмен, қолжетімді бағамен ұсынды. Сондықтан да болар сенбілік жәрмеңкеге келуді дәстүрге айналдырған халықтың қарасы қалың.

- Ауданнан 18 шаруа қожалығы 3,5 тонна сиыр, 1 тонна жылқы етін, 1,5 тонна қой етін, 200 литр қымыз бен 200 шұбат және 5 тонна көкеніс пен жеміс-жидек алып келді. Базар бағасынан 20-30 пайызға төмен сатып жатырмыз, - деді Зайсан аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Сабыр Әндірбаев.

Жәрмеңке қонақтарына палау, ыстық бауырсақ пен түрлі тәттілер тегін таратылып, концерттік бағдарлама да дайындалыпты.

 - Көптен ұмытылып кеткен осындай мерейлі мерекелер қайта жаңғырып, жалғасын тауып жатқанына қуаныштымын. Бұл дәстүр жылдан жылға бұғанасы бекіп, қанатын кеңгей жайып, өнердің өсуіне, өнерпаздардың өрлеуіне жол ашады деп ойлаймын. Ауылшаруашылық жәрмеңкесіне өздерінің ақ адал, маңдай терімен тапқан өнімдерін әкеліп, қала жұртына тарту етіп, ойдағы ел, қырдағы елмен араласып жатқан көру бір мәртебе, - деді Зайсаннан шыққан танымал ақын Ұлықбек Есдәулет

Бүгінгі ауылшаруашылық жәрмеңкесінде жылқы еті 2500 теңге, сиыр еті 2300 теңге, ал қой еті 2200 теңгеге бағаланыпты. Сонымен қатар жеміс-жидек пен көкөністер, қауын-қарбыз тағы бар.

- Облысымызда тек Зайсан ауданы Қайнар ауылындағы “Қарагөз” шаруа қожалығында ғана шұбат өндіріледі. Осы кәсіппен айналысқанымызға 5-6 жылға жуық уақыт болды. Бүгінгі жәрмеңкеге содан 100 литр шұбат алып келдік. Біраз өтіп кетті, - дейді Айдархан Аймын.

Айта кету керек, апта сайын өтетін сенбілік жәрмеңкенің ұйымдастырылуына ШҚО мәдениет басқармасы бақылау жүргізіп, бағалайтын көрінеді.

- Жәрмеңкедегі бағаларға, концерттік бағдарласы мен безендірілуіне бақылау жүргізіп отырамыз. Тауар мен азық-түліктің базардан шығарылмай, шынымен ауданнан келгенін де қадағалаймыз. Артынша бағалап, жыл соңында үздік болған ауданды анықтаймыз. Бүгінгі Зайсанның жәрмеңкесін қарап шықтым, орташа бағаға сай сатылып жатыр, - дейді ШҚО мәдениет басқармасы Өсімдік шаруашылығы, егіншілік және мелиорация бөлімінің басшысы Дархан Әбілмажинов.


 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу
Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив