«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы – Күршім ауданының әлеуметтік дамуына зор мүмкіндік
Фото: freepik.com
Шығыс Қазақстан облысында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған бұл жоба көптеген азаматтарға өз үйлеріне қол жеткізуге мүмкіндік беруде. Бүгінде Күршім ауданының тұрғындары үшін тұрғын үй мәселесін шешуге бағытталған «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсетудің маңызды қадамына айналды. 2024 жылы бұл бастама аясында ауданның 10 елді мекенінде 28 жаңа тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.
Бағдарлама бойынша тұрғын үйлер Күршім, Сарыөлең, Барақ батыр, Бірлік, Теректібұлақ, Бурабай, Қойтас, Қаратоғай, Алғабас, Құйған елді мекендерінде салынуда. Әр ауылға сәйкес үйлердің саны төмендегідей:
- Күршім – 6 үй;
- Сарыөлең – 6 үй;
- Барақ батыр – 3 үй;
- Бірлік – 2 үй;
- Теректібұлақ – 2 үй;
- Бурабай – 2 үй;
- Қойтас – 1 үй;
- Қаратоғай – 2 үй;
- Алғабас – 1 үй;
- Құйған – 3 үй.
Тұрғын үйлердің жалпы ауданы 2 226 шаршы метрді құрайды. Бір пәтерлі үйлердің ауданы 85-91 шаршы метр, ал екі пәтерлі үйлердің ауданы 70 шаршы метрге тең.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы 2020 жылы іске қосылған және жеке серіктестерден тұрғын үйлерді сатып алып, мұқтаж азаматтарға тарату жүйесі негізінде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында ауылдық аймақтарда көптеген жаңа үйлер бой көтеруде, бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етері сөзсіз.
Аталған бағдарлама шеңберінде салынған үйлер қазіргі заманғы стандарттарға сай келетін сапалы құрылыс материалдары мен жайлы жағдайларды қамтамасыз етіп отыр. Жаңа үйлердің құрылысы ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын да ашып, жергілікті эәлеуметтік тынысқа серпін беруде.
Жоба аясында республикалық және облыстық бюджеттерден 494,7 млн теңге бөлінді. Қазіргі таңда:
- 12 тұрғын үй толықтай сатып алынды;
- 2 тұрғын үйге арналған құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.
Бұл қаржының тиімді игерілуі аудан тұрғындарының әл-ауқатын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлер негізінен көпбалалы аналарға, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарға беріледі. Бұл бастама тек тұрғын үй мәселесін шешіп қана қоймай, сонымен қатар, ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер сыйлауда.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы тек баспана салумен шектелмейді. Ол ауылдық жерлердегі тұрмыс сапасын арттыруға, тұрғындардың тұрақты өмір сүру жағдайын жақсартуға және өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.
Күршім ауданындағы осы жобаға қатысушылардың пікірінше, бұл бастама олардың өмірін жақсартып қана қоймай, болашаққа деген сенімділікті нығайтуға жол ашады. Әсіресе, тұрғын үймен қамту ауылдық жерлердегі халықты тұрақтандыруда және ауылдың дамуына серпін беруде маңызды рөл атқарып отыр.
Күршім ауданы үшін «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы – тек құрылыс саласындағы жетістік емес, ол ауданның әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін үлкен мүмкіндік. Мемлекет тарапынан осындай қолдаулардың болуы – әр азамат үшін жарқын болашаққа деген сенімнің кепілі. Алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, Күршім ауданының әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуда жаңа белестерге қол жеткізеді деп күтілуде.