«Бір қабатты Шығыс»: Айнабұлақ ауылында 12 баспана берілмек (видео)
Шығыс Қазақстан облысында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында халықты баспанамен қамту жұмыстары қарқынды түрде жүргізілуде. Әсіресе ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған бұл жоба көптеген азаматтарға өз үйлеріне қол жеткізуге мүмкіндік беруде, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Зайсан ауданына жұмыс сапары барысында Айнабұлақ ауылында салынып жатқан екі пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы барысымен танысты. 12 үйдің барлығы көпбалалы отбасылар мен жалғызбасты аналарға беріледі деп жоспарланған.
«Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы 2020 жылы іске қосылған және жеке серіктестерден тұрғын үйлерді сатып алып, мұқтаж азаматтарға тарату жүйесі негізінде жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясында ауылдық аймақтарда көптеген жаңа үйлер бой көтеруде, бұл ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етері сөзсіз.
Аталған бағдарлама шеңберінде салынған үйлер қазіргі заманғы стандарттарға сай келетін сапалы құрылыс материалдары мен жайлы жағдайларды қамтамасыз етіп отыр. Жаңа үйлердің құрылысы ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын да ашып, жергілікті эәлеуметтік тынысқа серпін беруде.
Зайсан ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы бойынша көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған тұрғындар үшін 1,8 млрд. теңгеге 98 пәтер (бір қабатты үйлер - 1 200,8 млн. теңгеге 68 пәтер, Зайсан қаласында - 644 млн. теңгеге 30 пәтер), оның ішінде Айнабұлақ ауылында - 207 млн. теңгеге 12 пәтер салынуда.
Жыл қорытындысы бойынша 98 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарлануда (көпбалалы отбасылар - 20, халықтың әлеуметтік осал топтары - 78).