KZ
Өскемен
-5°
пасмурно жел 2 м/с, ОШ
527.3 544.86 4.95

Басқа түссе басқаша қимылдау маңызды

14.12.2024, 15:30 33 Гульжан Мусина

Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Құтқарушылар күні аясында БАҚ өкілдеріне арналған кедергілер жолағын ұйымдастырды. Бұл жолақты еңсеру арқылы журналистер төтенше жағдайлар орнында жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Өскемен қаласының №8 өрт сөндіру бөлімшесі базасында оқиға орындарын имитациялайтын түрлі локациялар құрылды. Журналистерге өрттен, жер сілкінісінен кейінгі үйінділерден, биіктіктегі апаттық-құтқару жұмыстарынан, су тасқыны қаупі бар аймақтан және азаматтарды эвакуациялау орындарынан репортаж жүргізу міндеті жүктелді.

Әдетте бұқараның мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүретін журналист қауымы үшін ең басты міндет пен мақсат – дер кезінде нақты ақпаратты көпшілікке жеткізу. БАҚ өкілдері экстремалды жағдайларда жұмыс істеуді өз бастарынан өткізіп, құтқарушы мамандығының қаншалықты қиын әрі абыройлы екенін сезінді. Жасанды жағдай болғанымен, тұрмыс-тіршілікте ешкім төтенше жағдайдан сақтандырылмағаны мәлім.

Журналистердің айтуынша, мұндай жағдайда көрмей-көрінбей қалу мен қалыпты тыныс алудың қиындығымен күресу ауыр болған. Бастысы, сол жағдайда тілші атаулы репортаж түсіруі тиіс. Іс барысында ауыр қорғаныс киімінде жұмыс істеп, адамдарды құтқару қаншалықты қиын екенін алға тартты тілшілер.

Іс-шараға қатысқан ақапарт саласының белсенділері құтқарушылардың кәсібіне үлкен құрметпен қарайтындықтарын атап өтті.

- Олар өз өмірлерін қатерге тігіп, халықтың қауіпсіздігі үшін отқа да, басқа төтенше жағдайларға да кіріседі. Бүгін мен де экстремалды жағдайлардан өтіп көрдім, кейде қорқынышты сәттер де болды, - деп бөлісті «Журналистік тергеулер агенттігінің» редакторы Алексей Божков.

 ШҚО ТЖД баспасөз қызметі материалы негізінде әзірленді

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу