Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту бойынша ұлттық жоба: ШҚО-да 17 жаңа медициналық нысан салынды (Видео)
Altainews.kz
"Ауылдық денсаулық сақтау саласын жаңғырту" ұлттық жобасы аясында алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету үшін 12 нысан салынып, пайдалануға берілді. Жоспарланған 18 медициналық нысанның ішінде 2024 жылы 17 нысанның құрылысы аяқталды. Олардың 12-сі 2024 жылы пайдалануға берілді.
Бұл нысандардың қатарына дәрігерлік амбулаториялар, фельдшерлік-акушерлік пункттер және бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталықтары кіреді. Мысалы:
- Тарбағатай ауданының Асусай, Байтоғас, Жамбыл ауылдары;
- Алтай ауданының Феклистовка, Октябрьское ауылдары;
- Зайсан ауданының Саржыра, Жаңа тұрмыс, Жарсу ауылдары;
- Глубокое ауданының Белокаменка ауылы;
- Үлкен Нарын ауданының Майемер ауылы;
- Катон-Қарағай ауданының Барлық ауылы;
- Ұлан ауданының Тройницкое ауылы.
Қалған 5 нысанның құрылысы аяқталып, дайындық деңгейі 100%-ды құрайды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты олардың аумағын абаттандыру 2025 жылдың сәуір-мамыр айларында аяқталады. Бұл нысандар Глубокое ауданының Секисовка, Бобровка, Верх-Березовка ауылдары мен Алтай ауданының Тұрғысын ауылында орналасқан дәрігерлік амбулаториялар, сондай-ақ Глубокое ауданының Уварово ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункті.
Бұл жаңа нысандарда алғаш рет физиотерапия кабинеттері, амбулаторлық оңалту орталықтары, зертханалық кабинеттер және күндізгі стационарлар ашылды. Телемедицина кабинеттері арқылы ауыл тұрғындарына облыстық және республикалық деңгейдегі білікті мамандардың қашықтықтан консультация алуға мүмкіндігі бар.
Сонымен қатар, Алтай ауданаралық ауруханасы ангиограф, компьютерлік томографпен жабдықталды, бұл жерде коронарлық араласу бөлімшесі жұмыс істеп тұр. 2024 жылы ауруханаға күрделі жөндеу жүргізіліп, 976 заманауи медициналық жабдық сатып алынды. Ал 2025 жылы республикалық бюджет есебінен МРТ аппараты (1,5 Тесла) орнату жоспарланған.
Бұл жұмыстардың барлығы ауыл тұрғындарына сапалы медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, денсаулық сақтау саласын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.