Еліміздегі ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамыту және оның нәтижелері
2024 жылы әсіресе ауылдық жерлердегі денсаулық сақтау инфрқұрылымын дамыту жұмыстары жалғасын тапты. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» Ұлттық жоба аясында 655 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету жоспарланған – 257 медициналық пункт, 238 фельдшерлік пункт және 160 дәрігерлік амбулатория. 251 нысан құрылысы аяқталды. Бұл медициналық қызметтерді шалғай елді мекен және ауылдық жерлердегі халыққа қолжетімді етеді. 1 мыңнан астам жұмыс орны ашылды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бұдан бөлек, фельдшерлік-акушерлік пунктілер мен дәрігерлік амбулаторияларды қоса алғанда, жаңа денсаулық сақтау нысандар құрылысына қаражат бөлінді.
Еліміздегі әлеуметтік саясаттың басты міндеттерінің бірі – ана өлімін азайту. 2024 жылғы көрсеткіштер былтырғы жылмен салыстырғанда 15%-ға жақсарған.
Жаңа бағдарламаларды енгізу, оныі ішінде клиникалық хаттамаларды қайта қарау, босануға тарифтерді арттыру денсаулық сақтау саласындағы жағдайды айтарлықтай жақсартуға септігін тигізді.
Биыл амбулаториялық деңгейде жалпы сомасы 212,8 млрд теңгеге 3,5 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді. Амбулаториялық көмекті жақсартуға басымдық бере отырып, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінде дәрілік заттар мен медициналық заттарды тіркеу, бағасын белгілеу процестерін цифрландырумен, сондай-ақ олардың есебін жүргізу және айналымының цифрлық жүйесін жасаумен айналысатын жобалық кеңсе құрылды. Бұл жүйе дәрі-дәрмек саясаты процестерін кешенді талдау функциясын қамтиды. Нәтижесінде дәрілердің объективті бағасын анықтап, үстеме баға қосуға жол бермейді.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Шығыс Қазақстан облысында ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жоба ауылдық аймақтардың медициналық инфрақұрылымын дамытуға және халықтың медициналық қызметтерге қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Жоспар бойынша жалпы құны 8 млрд теңгені құрайтын 36 медициналық нысанның құрылысы салынбақ. Бұл нысандар 25 мыңнан астам ауыл тұрғынын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етеді. Жоба шеңберінде 7 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт және 27 медициналық пункт салу көзделген.
Биыл осы нысандардың 18-і пайдалануға берілді. Тарбағатай ауданында 6, Шемонаиха ауданында 1, Күршім ауданында 3, Марқакөл ауданында 2, Ұлан ауданында 5 медициналық пункт және Глубокое ауданында 1 дәрігерлік амбулатория салынды. Қалған 18 нысанның құрылысы жалғасуда. Биыл Тарбағатай ауданында 3, Алтай ауданында 1 медициналық пунктің құрылысы аяқталды. Жыл соңына дейін Алтай ауданында 2, Глубокое ауданында 3 дәрігерлік амбулатория, 1 фельдшерлік-акушерлік пункт және 1 медициналық пункт, Зайсан ауданында 2 медициналық пункт пен 1 фельдшерлік-акушерлік пункт, сондай-ақ Катонқарағай, Ұлан және Үлкен Нарын аудандарында бір-бір медициналық пунктен пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Шемонаиха ауданының Волчанка ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы келер жылы аяқталады.
Жаңадан салынған медициналық нысандардың маңызы ерекше. Бұл нысандардың ашылуы шұғыл медициналық көмектің уақытылы көрсетілуін қамтамасыз етіп, «Алтын сағат» қағидатын сақтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба шекара маңындағы ауылдарды да қамтып отыр, бұл – ауылдық инфрақұрылымды жақсарту бағытындағы үлкен қадам. Мысалы, Марқакөл ауданының Ақжайлау және Ұранқай, Тарбағатай ауданының Жаңаталап және Ахметбұлақ, Шемонаиха ауданының Волчанка және Межовка ауылдарына медициналық нысандар салынды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы тек медициналық қызметтерді жақсартумен шектелмейді. Ол ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін арттырып, денсаулық сақтау саласындағы жүйелі өзгерістерге жол ашады.