Ұлт саулығы – басты мақсат: өңірдің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктер
Фото: pexels.com
Мемлекет басшысы өз Жолдауында денсаулық сақтау саласының маңыздылығын айқындап, «Ұлт денсаулығын нығайту үшін кешенді шараларды іске асыру және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін қайта іске қосу қажет» деп атап өтті. Бұл бағытта өңірімізде бірқатар маңызды шаралар қолға алынып, медицина саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық қызмет сапасын арттыру, білікті кадрлар даярлау секілді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Облыста барлығы 364 денсаулық сақтау нысаны жұмыс істейді. Оның ішінде 28 аурухана, 131 дәрігерлік амбулатория, 36 фельдшерлік-акушерлік пункт және 169 медициналық пункт бар, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Алайда, бұл нысандардың 65-і жөндеу жұмыстарын қажет етеді. Әсіресе, Таврия ауылы мен Шемонаиха қаласындағы медициналық мекемелердің жағдайы сын көтермейді.
Біз барлық нысандарды бірден жөндеудің мүмкін еместігін түсінеміз. Сол себепті, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып, жөндеу жұмыстарын кезең-кезеңімен жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Бұл жоспар үш жылға есептелген. Атап айтқанда, әр қабатты рет-ретімен жөндеп, халыққа қызмет көрсетуді үздіксіз жалғастыру міндеті қойылды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында өткен жылы өңірде 17 медициналық нысан пайдалануға берілді. Ал биыл жыл соңына дейін тағы 19 нысанның құрылысы аяқталуы жоспарланған. Сонымен қатар, Өскеменде гематология орталығы, Риддер қаласында көпсалалы аурухана кешені және Ұлан ауданында емхана салынып жатыр. Ал Зайсан ауданының Қаратал ауылында дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталады.
Медициналық мекемелерді жабдықтау – сапалы қызмет көрсетудің негізгі талаптарының бірі. Биыл бұл мақсатқа 3,2 миллиард теңге бөлініп, 134 бірлік медициналық жабдық сатып алынуда. Қазіргі таңда оның 68-і жеткізіліп, пайдалануға берілді. Қалған жабдықтарды жеткізу жұмыстарын жеделдету бойынша денсаулық сақтау басқармасына нақты тапсырмалар жүктелді.
Медициналық инфрақұрылымды жаңғыртумен қатар, білікті мамандарды даярлау басты назарда. Облыста жыл сайын медицина қызметкерлері шетелдік жетекші клиникаларға тәжірибе алмасуға жіберіледі. Биыл Ресей, Германия және Түркияның беделді емханаларында 40 медицина қызметкері өз біліктілігін арттырды. Жыл соңына дейін тағы 4 маман шетелде оқуын аяқтайды. Бұл мақсатқа 420,1 миллион теңге қарастырылған.
Медицина саласындағы ең негізгі мақсат – ана мен бала өлімін толық болдырмау, сондай-ақ қан айналымы жүйесі ауруларының, қатерлі ісіктердің және әлеуметтік маңызды аурулардың деңгейін төмендету. Бұл бағытта профилактикалық шаралар күшейтіліп, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары жүргізілуде.
Өңірдегі денсаулық сақтау саласын жетілдіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Инфрақұрылымды жаңғырту, медициналық жабдықтарды жаңарту және мамандардың кәсіби деңгейін арттыру – ұлт саулығын нығайтудағы маңызды қадамдар. Осы жұмыстардың нәтижесінде халықтың медициналық қызметтерге деген қолжетімділігі артып, денсаулық сақтау жүйесінің сапасы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз. Президент Жолдауында айтылған міндеттерді орындау – әрбір азаматтың игілігі үшін жасалған нақты қадам екені сөзсіз.
Ержан Әбіш