Риддердегі жаңа аурухана медициналық қызмет сапасын арттырмақ
Фото: pexels.com
Ел Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елге қайтарылған заңсыз активтердің бір бөлігі әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыруға бағытталды. Соның ішінде Шығыс Қазақстан облысы Риддер қаласындағы көпсалалы аурухана кешенінің құрылысын аяқтау үшін 28,2 миллиард теңге бөлінді.
Риддер – 55 мың халқы бар моноқала, оның ішінде 22%-дан астамы 60 жастан асқан қарттар. Қазіргі таңда қала тұрғындары 80 жыл бұрын салынған, әртүрлі орындарда орналасқан 12 ескі ғимаратта қызмет көрсететін жалғыз аурухана кешеніне тәуелді. Заманауи талаптарға сай келмейтін бұл нысандардың орнына жаңа кешен ашу медициналық қызмет сапасын едәуір арттырады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Аурухана кешенінің жалпы аумағы 40 мың шаршы метрді құрайды. Онда кардиология, инсульттік орталық, травматология, күйік бөлімдері сияқты маңызды бағыттарға арналған жабдықтар орнатылып, 500-ден астам медициналық қызметкер жұмыс істейтін болады.
Жобаның жалпы құны 34,8 миллиард теңгені құраса, оның 6,6 миллиарды бұрын игерілген. Қалған қаржы қайтарылған активтер есебінен бөлініп, 2024 жылдың соңына дейін кешен құрылысы толық аяқталады деп жоспарлануда. Бұл нысанның ашылуы Риддер халқына сапалы медициналық қызмет алуға мүмкіндік беріп, елдің медициналық инфрақұрылымын нығайтуға ықпал етеді.
Кешен құрылысының аяқталуы қала тұрғындары үшін төтенше жағдайларда көмек көрсетуді жақсартады. Сонымен қатар, бұл жобаның іске асуы медицина саласындағы жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етпек.
Риддердегі аурухана кешенімен қатар, қайтарылған активтер есебінен басқа да әлеуметтік жобалар қаржыландырылып жатыр. Мәселен, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған балабақшалар, спорттық және музыкалық мектептер салынуда.
Бұл кешен Шығыс Қазақстан облысындағы ең маңызды медициналық жобалардың бірі ретінде аймақтың денсаулық сақтау жүйесін жаңа деңгейге көтереді деп күтілуде.