Ұлы тұлғаларды ұлықтаған әдеби-мәдени шара
А.С.Пушкин атындағы облыстық кітапханада “Ұлы даланың ұлы тұлғалары” атты тарихи-тағылымдық, әдеби-мәдени шара өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Шараға Өскемендегі зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, әскери қызметшілер, студенттер мен кітап сүйер қауым қатысты.
Кітапхана қызметкері Гүлбаршын Абылғазинова жүргізген іс-шара бірнеше бөлімнен тұрды. “Ұлт перзенті”, “Өмір жырын шерте білген”, “Өнермен өрілген өмір” және “Өр Алтайда ізі қалған тұлғалар” деп аталатын әдеби экспозицияда биылғы мерейлі даталар аталып өтті. Олардың қатарында Қазақ хандығының 560 жылдығы, әлемге әйгілі қолбасшы Шыңғыс ханның туғанына 870 жыл толуы, сондай-ақ қазақтың ұлы тұлғалары Абай Құнанбаев, Міржақып Дулатов, Шоқан Уәлиханов, халық жазушылары Әнуар Әлімжанов пен Мұхтар Мағауин, ақындар Жұбан Молдағалиев пен Тұманбай Молдағалиев, жергілікті қаламгерлер Қалихан Ысқақ, Дидахмет Әшімханұлы, Асқар Егеубаев, Тоқтарбек Қызықбаев, Нұрдәулет Ақышев және ардагер журналист Оңдасын Елубайдың мерейтойлары бар. Сонымен бірге халық композиторлары Нұрғиса Тілендиев пен Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты естеліктер айтылды.
Жиналғандар алдында сөз сөйлегендер қатарында жазушы-публицист, Қазақстан Жазушылар одағының Шығыс филиалының төрағасы Әлібек Қаңтарбаев, жас тарихшы Талғар Ерболатұлы, Өскемен қалалық мәслихатының депутаты, ақын Әскерхан Ақтай, Ресей Жазушылар одағының мүшесі, жазушы Генадий Пуссеп және басқа да танымал тұлғалар болды. Олар биылғы мерейтойлық шаралар туралы өз ойларымен және естеліктерімен бөлісті.
Көрме қонақтары шара барысында мерейтой иелерінің өмірі мен қызметі туралы көптеген қызықты деректермен, баспа, бейне және фотоқұжаттармен танысты. Сонымен қатар шақырылған тарихшы, зерттеуші ғалымдар мен журналистердің, жазушылардың әсерлі әңгімелері мен баяндамаларын тыңдады.
Серік Құсанбаев
Фото/видео: Ермек Жиенбеков