Өңірлік баспа өнімдерінің жәрмеңкесі өтті
Бүгінгі таңда баспа өнімдерін цифрлық технология басып озып келеді. Соған қарамастан баспа өнімдері бәсекелестік танытып, сұранысқа сай даму үстінде. Оған бірнеше күн бойы еліміздің түкпір-түкпірінде өтіп жатқан фестиваль барысында оқырман қауым куә болды.
Елімізде дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай «KITAP шоу-2023» республикалық кітап фестивалі өтіп жатыр. Бұл шара біздің өңірде де жалғасын тауып, А.Пушкин атындағы облыстық кітапханада баспа жәрмеңкесі өтті. Кітапсүйер қауым шара аясында «Баспа сөзінің салоны» өңірлік авторлар, баспагерлер және кітап сату ұйымдарының жәрмеңке-фестиваліне қатысып, «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» интерактивті кітап көрме-энциклопедиясымен танысты. Бұл жолы көрменің көркін ашқан «Абай әлемі» кітаптар топтамасымен жарыққа шыққан жерлес қаламгерлер шығармаларын тамашалаған жұрттың қатары көп болды.
– Баспа бір кездері кез келген адамның қолы жете бермейтін технология еді. Ол кезде кітапқа, газетке, журналға қойылатын талап та жоғары еді. Ал кітаптар жүз мыңдап басылатын. Ал қазіргі кезде, өкінішке қарай, ондай таралым жоқ та, баспа бар. Мысалы, бүгін өз өнімдерін ұсынып отырған «Берел», «Арго», «КАСУ» және өзге де баспаларды көріп тұрмыз. Бұл баспалар рухани құндылықтарымыздың толығуына өз үлесін қосып жатыр, – деді қаламгер Әлібек Қаңтарбаев.
Аталған баспаларда жарық көрген өнімдер кітап фестиваліне арналған көрменің төрінен табылыпты. Жиналған жұрт жаңа басылымдарды қызыға тамашалап, көңіліне жаққанын парақтап шықты. Соның ішінде Мұхит-Ардагер Сыдықназаровтың «Қазақ мемлекеттілігі жөніндегі атластар жиынтығы», «Қазақстанның үзіліссіз мемлекеттілігі тарих толқынында. XVI-XIX ғасырлардағы еуропалық және америкалық карталардағы Қазақ мемлекеті» атласын студенттер қызыға тамашалады. Сондай-ақ шара барысында тәжірибелі психолог кеңесі, «Фокуста – кітап» көркем фотосурет бойынша шеберлік сағаттары мен әдеби ойындарға шара қонақтары белсене қатысты. Осылайша, кітап жәрмеңкесіне жиналған жұрт рухани байып, баспа өнімдерімен танысып қайтты.